Елімізде былтыр 50 мыңға жуық отбасы ажырасып кетті – Ұлттық статистика бюросы
Елімізде былтыр 50 мыңға жуық отбасы ажырасып кетті – Ұлттық статистика бюросы
2 жыл бұрын 3351 Еркежан Айтказина

Биылғы қаңтар-сәуір айларында республика бойынша 5680 ажырасу тіркелген, оның 4639-ы – қала тұрғындарының ажырасу көрсеткіші, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы 4 айдың көрсеткіші бойынша ауыл тұрғындары арасындағы ажырасу көрсеткіші – 1014.

Белгілі болғандай, Қазақстанда өткен жылы 48,2 мың ажырасу тіркелсе, соның 34,8 мыңы (72,2%) қала тұрғындарының үлесіне тиесілі екен.

«Ажырасудың жоғары деңгейі елордада байқалды, 1000 адамға шаққанда ажырасу коэффициенті 3,54 құрады, ең төменгі көрсеткіш – Түркістан облысында, 1000 адамға 1,20 жағдайдан келіп отыр. Ажырасудың басым бөлігі ортақ баласы жоқ ерлі-зайыптылар арасында болып отыр. Бұл көрсеткіш – 60,5%, ортақ бір баласы барлар арасындағы ажырасу үлесі – 20,8%, кәмелетке толмаған 2 және одан көп баласы барлар арасындағы көрсеткіш – 18,7%», – деліген Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметінде.

Сонымен қатар, жалпы ажырасудың басым бөлігі яғни, 34,1%-ы отасқанына 10 жылдан асқан отбасылар екен.

Отбасылық психолог Ержан Мырзабаевтың айтуынша, ауылға қарағанда қалада ажырасу мүмкіндігі жоғары.

«Біздегі қала тұрғындарының белгілі бір бөлігі ауылдан келетіні белгілі. Ауылда ажырасудың себебі болса да, оған мүмкіндік жоқ. Өйткені, онда қоғамдық пікір жоғары, туысқандық қарым-қатынас рөл ойнайды. Шағын ауылда тұрғындардың бәрі бір-бірін жақсы таниды. «Елдің сөзіне қаламыз ғой, ұят болады» деген түсінік бар. Ал қалада ешкім ешкімді танымайды. Оның үстіне, қала тұрғындарының заң тұрғысынан хабары бар, сондықтан олар бұған дейін жинақталып қалған проблемаларды ажырасу арқылы шешуді жөн санайды», - дейді писхолог.

Ержан Мырзабаевтың айтуынша, көп жағдайда отбасылар материалдық қиындыққа байланысты ажыраспайды. Оған пандемия кезіндегі статистика дәлел.

«Пандемия кезінде Қазақстанда ажырасу көрсеткіші артқан жоқ. Өйткені, қиындық туындап, ертеңгі күннің не болары белгісіз шақта, жұрт қайта бір-біріне жақындасады. Ажырасу екі тарап үшін де шығын. Қосымша тұратын баспана мәселесін шешу, алимент төлеу, көшіп-қону сияқты мәселелер туындайды. Статистика бойынша біздегі ажырасудың негізгі себептері – зорлық-зомбылық, отбасында баланың жоқтығы, отбасылық өмірге дайын болмау, көзісне шөп салу, туысқандардың араласуы сияқты мәселелер кең таралған», – дейді отбасылық пихолог.

0 пікір
Мұрағат