Елімізде бұдан былай өзін сақтандырмаған азаматтар шетелге шыға алмайтын болды
Елімізде бұдан былай өзін сақтандырмаған азаматтар шетелге шыға алмайтын болды
7 жыл бұрын 2979

Туристердің мүлкін міндетті сақтандыру – сауық үшін төленетін салық болмақ. Енді теңіз жағасында демалам деуші бірде-бір азамат сақтанбай шекара аса алмайды. Бұған дейін туристі сақтандыру олардың өз еркінде болса, енді міндет болуы мүмкін. Бұл туралы КТК ақпарат көзі хабар таратты.

Ұлттық банк Қазақстан нарығына қандай сақтандыру компанияларының кіруіне рұқсат барын, одан ел ішінде ең кең тараған көлікті міндетті сақтандыру құны қалай өзгеретінен айтып берді.

Ұлттық банк төрағасының бүгін Үкіметке ұсынған заң жобасы бір жағынан туристерді күтпеген жағдайдан сақтағанымен, екінші жағынан қалтаға қосымша салмақ. Бір сөзбен міндетті сақтандырулардың қатары тағы бір міндетті келісімшартпен толығып отыр. Министрлер алдында Данияр Ақышев сақтандыру құны арзан деп сүйіншілеген еді.

“Қамту есебінен сақтандыру құны жоғары емес. Күніне 340 теңге. Сақтандырумен қамту 3,4-17 млн теңге аралығында”, – деді Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев.

340 теңге қатып қалған құн емес. Туристің бет алған еліне байланысты сақтандыру бағасы құбылуы мүмкін.

“Міндетті сақтандыру үш бағдарлама бойынша жүзеге асады. Біріншісі ТМД елдері бойынша, екінші Еуропа мен Азия мемлекеттері және қалғандары. Сақтандыру құны нақты елге байланысты есептеледі”, – деді Ұлттық банк қызметкері Шоқан Итемгенов.

Яғни елдің тұрмысы, қауіпсіздік деңгейі сақтандыру полисінің бағасына тікелей әсер етеді. Егер бұрын отандық туристер сақтандыруды өз еріктеріне, артық ақшаларына қарап алса, енді бұл елден шығудың міндетті шарты болмақ. Ұлттық банк қызметкерлері шетелдік сақтандыру компанияларына қандай шартпен Қазақстанға келетінін де айтып берді.

“Мысалы міндетті капиталдың мөлшері 5 млрд теңгені құрауы керек. Сондай-ақ сақтандыруда 10 жыл тәжірибесі болуы шарт. Ұлттық банк сонымен қатар шетелдік компаниялардың біздің елдегі басшыларына қатысты өз талаптарын қоя алады”, – деді Шоқан Итемгенов.

Шетелдік ойыншылардың Қазақстан нарығына кіруі, Данияр Ақышев айтқандай, баға саясатына қатты әсер ете қоймайды. Ал біздің елде қазіргі таңда ең кең тараған сақтандыру түрі – көлікті қауіпсіздендіру бағасына тіпті әсері жоқ. Бұл негізінен халықты ерікті сақтандыру мәдениетіне үйретуге жасалған қадам. Заң жобасы жақын арада парламентке түсіп, анық-қанығы сол жерде айтылуы тиіс.

 

0 пікір
Мұрағат