|
Елімізде бөдене жұмыртқасынан майонез жасалатын болады
|
BAQ.kz портплының 24.kz ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып таратқан хабарына қарағанда, маңғыстаулық кәсіпкер бөдене жұмыртқасынан майонез жасауды қолға алмақ. Олар мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жемісін көруде.
Құрық елді мекенінің тұрғыны «Ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының аясында өңірде бұрын-соңды болмаған іс бастады. Жергілікті компанияның қолдауымен қайтарымсыз грант ұтып алып, бөдене өсіруді қолға алған. Бүгінде еті мен жұмыртқасы мың дертке дауа құстарды бағып, мол табысқа кенеліп отыр.
Амандық Мырзабековтің бар уақыты осы құстарды бағумен өтеді. Күніне бірнеше рет жем-суын беріп, ұясын тазалайды. «Бөденелер де нәресте сияқты, қатты күтім қажет», - дейді ол. Кәсіпкердің іс бастауына жергілікті компания жәрдемдескен. «Ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы арқылы 1 млн теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, бөдене өсіруді қолға алады.
Ал бүгінде мұнда мыңнан астам бөдене мен оның балапандары өсіріліп жатыр. Құстардан күніне 200-дей жұмыртқа алып, өз дүкенінде арзан бағаға сатуда. Табиғи өнімді тұрғындар талап алатын көрінеді.
Қазір кәсіпкер ауласында 2400 бөденеге арналған қоражай тұрғызуда. Бұдан соң жер алып, құс фермасын салуды жоспарлап отыр. Бөденелердің санын 5 мыңға жеткізіп, жұмыртқасынан майонез шығаруды да қолға алмақ.