Елімізде бала асырап алу агенттігі ашылуы мүмкін
Елімізде бала асырап алу агенттігі ашылуы мүмкін
6 жыл бұрын 4275 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Қазақстан Республикасы президенті Н. Назарбаевтың қатысуымен Астана қаласында өткен VIII Азаматтық форумда отандық бизнесмендер елді елең еткізген игі бастама көтерді. Нақтырақ әрі тарқатып айтқанда, «BI Group» құрылыс холдингісінің жетекшісі Айдын Рақымбаев еліміздегі бизнесмендердің бір тобымен қолға алынған "Ана үйі" жобасы туралы жан-жақты мағлұмат келтіріп, аталмыш жобаның арқасында еліміздегі жетімдер қарасы азайғанын мәлім етті. "Сонау дағдарыс жылдары балалар үйінде мыңдаған жетім бала тәрбиеленді. Еліміз қиын кезеңді бастан кешті, жетімдер асырап алған ата-анасымен шетел асты. Қазір жағдай жақсы жағына өзгерді. Өйткені, мемлекет жетімдерді азайту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Десе де бір ғана мемлекеттің шамасы жеткіліксіз. Сол себепті, осыдан бес жыл бұрын бизнесмендердің бір тобы "Аналар үйі" жобасын қолға алып, қиын жағдайда қалған аналарға қолдау көрсетті. Мұның нәтижесі керемет болды. Осы жоба алғаш қолға алынғанда, сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, қолдау көрсетіп, оған ерекше мәртебе бердіңіз. Жоба сәтті жүзеге асырылды. Бүгінгі таңда еліміздің 19 қаласында 25 үй ашылған. Біздің жобамыздың арқасында 3600 ана баласын тастаған жоқ, шағын отбасын сақтап қалды",- деген ол елімізде баласынан бас тартатындар қарасы 70%-ға, ал балалар үйі 11 мыңнан 5 мыңға дейін азайғанын алға тартты. Сондай-ақ, ол аталмыш жобаның одан ары жалғасын табуы үшін мемлекет тарапынан қолдаудың үзілмегені керек екенін жеткізді. Дәлірегі, мемлекеттік емес жоба аясында бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік құрудың қажеттілігіне тоқталды. Елімізде мұндай шетелдік 12 агенттік жұмыс істеп жатыр. Алайда, бірде-бір отандық агенттік жоқ. Бала асырап алуға көмектесетін. Шетелдік агенттіктердің заңдық мәртебесі де, лицензиясы да бар. Ал қаражыт пен тәжірибе болғанына қарамастан елімізде мұндай агенттіктің ашылуына заңдық кедергілер тосқауыл болуда. Екіншіден, еліміздегі жетімдер санын азайту үшін қазіргі уақытта жұмыс істеп жатқан еліміздегі балалар үйінде қолданылатын тәрбие тәсілдері ескірген. Жетім бала өгейдің күйін кешпей қоғамның бір бөлігіне айналуы үшін балалар үйін реформалау қажет. "Ана үйі" жобасын дамыту үшін мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігі болуы керек. Жоғарыда аталған ұсыныстар қабылданса, еліміздегі жетімдер санын 8 есеге азайтуға әрі көптеген балалар үйін жабуға болады. Қалғандары отбасы мен балаларды қолдау орталығына айналдыру керек. 

0 пікір
Мұрағат