Елімізде ағза қондыру бағалары айтылды
|
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының атқарушы директоры Нұрлан Қасымов денсаулық сақтау министрлігінде өткен үстелбасы сұхбатта елімізде ағза қондыру отасының құнын тілге тиек етті. Оның айтуынша, ағза мен ұлпа қондыруге қатысты барлық төлем кепілдендірілген тегін медициналық жәрдем аясына кіріп, шығыны мемлекет тарапынан жабылады. Бұл жайында kursiv.kz ақпарат көзі хабар таратты. «Мен шамалап мынаны айта аламын: бүйректі қондыру бағасы шамамен 3,2 млн теңге, бауыр – 5,8 млн теңге, жүрек – 25 млн теңге»,- деді ол. Осылай дей келе ол тек отаның өзіне осындай қаражат кететінін алға тартты. Отадан кейін пациенттің оңалып кетуі үшін тұрғылықты жері бойынша қадағаланатынын әрі амбулаторлыық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетінін жеткізді. Яғни, оның айтуынша, науқас өз қалтасынан дәрігерлер мен емхана қызметіне ақы төлемейді. Барлығы бюджет есебінен атқарылады. Ал еліміздегі шетелдік пациенттер үшін мұндай оталарда барлық шығындар ескеріледі. Олар шамамен 2 млн-нан 4 млн-ға дейін төлейді. Ал денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева ағза қандыру тәжірибесі елімізде 2012 жылдан бері жолға қойылғанын жеткізді. Сол кезден бері елімізде 1768 пациентке ағза қондыру отасы жасалғанын көлденең тартты. Қазіргі уақытта елімізде ағза қондыру отасына 2893 адамның кезекте тұрғанын, олардың 92-сі балалар екенін айтып өтті.