Елiмiзде 7 мыңға жуық қария интернатта тұрады
Елiмiзде 7 мыңға жуық қария интернатта тұрады
8 жыл бұрын 2627 Baq.kz Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ

ҚР ДСӘДМ Әлеуметтiк көмек департаментiнiң директоры Арман Өмiрбаев  алдағы уақытта қарттар үйiнің бөлiмшелерi ашылатынын айтты.

«Қазақстанда қазiр қарттарға арналған стационарлы типтi 49 интернат үйі жұмыс iстейдi. Оларда 6 мың 900 қарт пен мүгедек тұрады. Бұл интернаттар бұрын қарттар үйi деп аталған. Сондай-ақ, елiмiзде мүгедек балалар мен психоневрологиялық ауруға шалдыққан мүгедектерге арналған интернаттар бар. Қарттар үйлерiн жабу жоспарымызда жоқ, олар жұмысын жалғастыра бередi. Қазақстан – үлкен ел, сондықтан 49 интернат деген көп емес. Керiсiнше, бiз қарттардың тұрғылықты жерiне жақын маңда бөлiмшелер ашып, интернат желiсiн дамытқымыз келедi. Себебi интернатқа орналасатын қарияға туыстарының жиi бара алмауы, өзiнiң бөтен өңiрге көшуi қиындық тудырады. Бұл оған жаман әсер етедi. Қарттарды үйренген өмiр салтынан, үйiнен ажыратпас үшiн алысқа көшiрмеу керек. Азамат өзi тұрған елдi мекенде қызмет ала алуы тиiс. Яғни, ол ауылда тұрса, сол ауылда күндiз бара алатын бөлiмше болуы керек, оның күндiз интернатқа барып, үйге қайтып отыруына да мүмкiндiк болғаны жөн. Бұндай бөлiмшелер ашылатын болса, олар барлық әлеуметтiк қызмет көрсету стандарттарына сай келуi тиiс. Осылайша, тұрғылықты жерiне жақын әлеуметтiк қызмет көрсету бөлiмшелерiн дамыту туралы шешiм қабылданды», - дедi А.Өмiрбаев.

Сондай-ақ, Арман Өмiрбаев елімізде жалғызбасты қарттар мен еңбекке қабiлетсiз азаматтарды әлеуметтiк қолдау мақсатында 343 үйде әлеуметтiк көмек көрсету бөлiмшелерiнiң жұмыс iстейтiнiн айтты. Бұл туралы ол «қарттарға мемлекет тарапынан әлеуметтiк қолдау көрсету шаралары» тақырыбына арналған ОКҚ брифингi барысында мәлімдеді. Бөлімшелер 35 мыңнан астам жалғызбасты еңбекке қабiлетсiз қарт азаматтарға қызмет көрсетiп келедi. Ал өз-өзiне қызмет көрсете алмайтын азаматтар үшiн республикада 10 оңалту орталығы жұмыс iстейдi. Орталықтардың күндiзгi бөлiмiнде 3 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетiледi. Қазiргi таңда республикада 2 млн астам қарт азамат бар.

0 пікір
Мұрағат