|
Елімізде 400 жуық жеке медициналық мекеме жабылды
|
Елде 400-ге жуық жеке медициналық мекеменің жабылғанын хабарлады 24.kz
Олардың дені лицензиясыз жұмыс істеп келген. Бұл жайлы Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары мәлімдеді.
Заң бұзған ұйымдардың қатарында оңалту орталықтары, тіс емханалары мен қызмет көрсету кабинеттері бар. Бұдан бөлек, фармацевтикалық қызмет көрсету қағидаларын бұзғандар да анықталған. Жағдай жаға ұстатарлықтай деуге болады.
Медициналық мекемелердің соңына май шам алып түскен министлік мамандары 400-ге жуық ұйымның жұмысын тоқтатты. Тексеру басырында 500-ден астам әкімшілік жаза қолданылып, кәсіпкерлер 70 млн теңгеден астам айыппұл арқалады. Бұған себеп те жоқ емес. Айталық, 1900-ден астам жұмыс істеп тұрған жеке процедуралық кабинет анықталды. Оның ішінде 406 нысан медициналық қызметті лицензиясыз жүргізіп келген. Тексеруден кейін 247 процедуралық кабинет өз қызметін тоқтатты. Ал наркологиялық және оңалту орталықтары бойынша 39 тексеру жүргізіліп, 14 нысанның лицензиясы жоқтығы анықталды. Құжатсыз қызмет көрсеткендердің қатарында тіс емханалары да бар. Стоматологиялық клиникалар бойынша 313 нысан тексеріліп, түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 143 клиника өз қызметін ерікті түрде тоқтатты.
Бауыржан Жүсіпов, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы: - Осы кешенді тексерулердің нәтижесінде анықталған ең басты бұзушылықтардың себебі – лицензиясыз қызмет көрсету болып табылады. Енді осы лицензиясыз қызмет көрсету мәселесін түбегейлі шешу мақсатында Лицензия алғаннан кейінгі қызмет көрсету мәселесін бақылауды біз цифрландыру мәселесімен айналысудамыз.
Лицензиялаудың бес жылдық жүйесі еңгізіледі
Цифрландырумен қатар жауаптылар салаға лицензиялардың бес жылдық мерзімін енгізу және стандарттарға сәйкестікті қайта бағалау жүйесін еңгізуге бейілді. Яғни, әр медициналық мекеме бес жыл сайын талапқа сай жұмыс істеп отырғанын дәлелдеу керек. Дегенмен, жаңа бастаманы сала сарапшылар сынап отыр.
Вячеслав Локшин, Қазақстан Репродуктологиялық медицина қауымдастығының президенті: - Қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты, яғни көптеген клиникалардың лицензиясыз жұмыс істеп жатқаны анықталған соң бес жылдық лицензия енгізу идеясы пайда болды. Алайда, бұл өте үлкен тәуекелдерге әкелуі мүмкін. Себебі, адам инвестиция салады, клиника салады, дәрігерлерді жұмысқа алады және табысты жұмыс істейді. Ал бес жылдан кейін талаптар, құрылыс нормалары өзгеруі мүмкін, клиника өлшемдері сәйкес келмей қалады. Сонда не істеу керек, оны бұзу керек пе?
МӘМС жүйесі жіті тексеріледі
Мұнымен медицинадағы мәселе түгесілмеді. Министрлік МӘМС жүйесін де жіті тексеруге кірісті. Себебі, салада селқостық көп. Жүйедегі жүйесіздік өткен айда үкімет отырысында талқыланған еді. Мәлімдеме жасаған Қаржы министрі Мәди Такиев айтса, нанғысыз мысалдар келтірді. Мәселен, астаналық ақ халатты қызметкер бір айда 1 713 ем-дом жасаған. Бұл дегеніңіз тәулігіне 300-400 тексеру, ем-шара жүргізген деген сөз. Ол ол ма? 996 қайтыс болған пациентке медициналық қызмет көрсетілген. Мұндай 3 640 оқиға анықталды, мысалы, 2023 жылы өмірден өткен адамды біздікілер 2025 жылы дәрігер қабылдауына жазған. Ал 768 мың ер адам әйелдер ғана тән ауруларға қатысты қаралған. Олар жатыр мойны обыры скринингінен өткен. Ол үшін пысықайлар бюджеттен 1,8 млрд теңге алған. Сондай-ақ 619 азамат маммограммадан өтті деп көрсетілген. Асылында, оңай олжаны көздеген ашкөздер ер адамда жатыр болмайтынын білмеген болар немесе арам ойын іске асыру үшін бәріне барған.
Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы