Елімізде 1 млн 118 мың теңге жалақыны кімдер алады?
Елімізде 1 млн 118 мың теңге жалақыны кімдер алады?
8 жыл бұрын 5786 bag.kz

Жұмысшылардың кәсібі мен қызметкерлердің лауазымы бойынша орташа айлық жалақының көлемін анықтау мақсатында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті кәсіпорындар мен ұйымдарға бір жолғы зерттеу жүргізді. 

Зерттеуге қыркүйек айында толық жұмыс істеген қызметкерлер қатысты.

Басшылар санатына жататын қызметкерлердің орташа жалақысы біліктілік деңгейі жоғарғы мамандардың жалақысынан 2 есе, біліктілік деңгейі орта мамандардың жалақысынан 2,6 есе және біліктілігі жоқ жұмысшылар жалақысынан 4,4 есеге көп.

Ең жоғарғы жалақыны шикі мұнай мен табиғи газ өндіру саласында жұмыспен қамтылған ұйым басшылары алады екен - 1 118 мың теңге, бұл көмір және лигнит өндіру саласындағы басшылардың орташа алатын жалақысынан 4,2 есе және құрылыс саласындағы басшылардың жалақысынан 3 есе жоғары. Шикі мұнай және табиғи газ өндіру саласындағы біліктілігі жоғары мамандар 571 мың теңге және біліктілігі орта мамандар 482 мың теңге алғанын атап өткен жөн.

Құрылыс саласында жоғары білікті мамандар арасынан ең жоғары жалақыны менеджерлер (308 мың теңге), біліктілік деңгейі бар мамандар арасынан қаптаушы-мраморшы (282 мың теңге) алды.

Ауыл шаруашылығы саласында біліктілігі бар мамандар арасынан ең жоғары жалақыны шаруашылық өндірісінің тракторшы-машинистері (166 мың теңге), тракторшы (147 мың теңге), ал төменгі жалақыны – феремерлер мен қырықтықшылар және күзетшілер 27 – 41 мың теңге шамасында алды.

2016 жылғы қыркүйекте Алматы қаласы мен Атырау облысында ұйым басшылары ең жоғары жалақыны алды - 920 мың теңге және 716 мың теңге. Ең аз төленетін қызмет Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, және Алматы облыстарында болды, мұнда басшылар 226 мың теңгеден 253 мың теңгеге дейін алды.

Ел бойынша жоғары оқу орнындағы мұғалімнің жалақысы орташа 133 мың теңге болды, арнаулы білім беру жүйесінде оқытушылар 109 мың теңгеге, тәрбиешілер 75 мың теңгеге жұмыс істеді.

0 пікір
Мұрағат