Елде зияткерлік меншікті қолдану мен тарату тәртібі өзгерді
Елде зияткерлік меншікті қолдану мен тарату тәртібі өзгерді
3 күн бұрын 296 24.kz Назерке Тоқжан

Сондай-ақ шығармашылық иелерінің құқығын қорғау артып, салаға бақылау күшейеді, деп хабарлады 24.kz 

Тиісті  құжатқа президент қол қойды. Жаңа құжатта авторлық құқыққа қатысты бірқатар өзгеріс бар. Соның бірі әлеуметтік әділеттілікке бағытталған. Яғни енді көру қабілеті бұзылған адам туындыны иесінің рұқсатынсыз көпшілік алдында орындай алады. Және ол үшін авторға сыйақы төлеуге міндетті емес. Мамандардың айтуынша, бұл бір жағынан шығармашылық өнімге қолжетімділікті арттырады.

Шолпан Әбдіреева, ҚР Әділет министрлігі зияткерлік меншік құқықтары комитетінің төрағасы: - Бұған дейін заң бойынша шығарманы көшіру немесе бейімдеу талап етілетін. Мысалы, біз белгілі бір шығарманы қағаз нұсқасында қарастырамыз. Сол қағаздағы шығарманы Брайль қарпіне көшіру үшін автордан немесе құқық иесінен арнайы рұқсат алу міндетті еді. Ал қазіргі таңда түзетулер зағип жандарға арнайы дайындалған шығармаларды қоғам алдында орындауға, көпшілікке жеткізуге және таратуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда зияткерлік меншік тауарлары 7 ай ішінде тіркеледі. Заңдағы тағы бір жаңашылдық  мерзімді барынша қысқартуды көздейді. Демек, енді ол 4 ай аралығын құрайды. Сала мамандарының айтуынша, бұл автордың өз тауарын тез арада нарыққа шығаруына түрткі болады. Сонымен қатар, шағым жіберу уақыты 1 айдан 2 ай мерзімге ұзартылды. Осы аралықта дау-дамайларды жан-жақты қарастыруға мүмкіндік туады.

Шолпан Әбдіреева, ҚР Әділет министрлігі зияткерлік меншік құқықтары комитетінің төрағасы: - Авторлар көбіне салалық ұйымдардан өз шығармаларына қатысты мардымды ақпарат ала алмайтын. Яғни, олардың шығармалары орындалады, бірақ қаншалықты жиі, қандай телеарналарда көрсетілгені туралы мәлімет, өкінішке орай, жоқ. Бұл ұжымдық басқару ұйымдарының жұмысындағы басты кемшілік.

Сондай-ақ, ұжымдық құқықтық басқару саласына бірыңғай цифрлық платорма енгізілмек. Ол, әсіресе, сыйақы мен төлемдерді басқару мен бақылау жұмыстарын барынша оңтайландыруы тиіс. Ал әділет органдары бұдан былай авторлық және сабақтас құқық объектілерін қолдануға қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргізе алады. Ол үшін тек меншік иелерінің шағымы болса жеткілікті. Осылайша жаңа құжат саладағы жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешіп, мемлекеттік бақылауды күшейтуді көздейді. 

Назерке Тоқжан



0 пікір
Мұрағат