Елбасының атына бірқатар ел басшыларының атынан құттықтау жеделхаттары келіп түсті
Елбасының атына бірқатар ел басшыларының атынан құттықтау жеделхаттары келіп түсті
10 жыл бұрын 3117

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Президентттік сайлаудағы жеңісінен кейін әлемнің бірқатар ел басшыларынан құттықтау жеделхаттары келіп түсті. 

Франсуа Олланд Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады.

«Мен Франция мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың деңгейі жоғары екенін атап өткім келеді, бұл менің таяуда Сіздің елге жасаған сапарымда айқын көрінді», – делінген жеделхатта.

Франция Президенті Қазақстанмен ынтымақтастықты екі елдің игілігі үшін одан әрі дамытуға ниетті екенін білдірді.

«Сіздің тұрақтылықты және Орталық Азия елдерімен тату көршілік қарым-қатынасты қамтамасыз етуге, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға бағытталған күш-жігеріңізді Францияның қолдайтынына сендіргім келеді», – делінген құттықтауда.

Ф.Олланд сондай-ақ Қазақстан Президентіне елді жаңғырту және демократиялық реформаларды жүзеге асыру ісінде табыс тіледі.

***

Ангела Меркель Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен шын жүректен құттықтайтынын жеткізген.

«Қазақстан Германия үшін маңызды серіктес болып қала береді. Сіз елдеріміз арасындағы сенімге құрылған серіктестік қарым-қатынастар аясын бұдан әрі кеңейту, сондай-ақ Қазақстанда демократия, құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам қағидаттарын нығайту ісінде әрдайым Федералдық үкіметтің қолдауына сенім артуыңызға болады», – делінген жеделхатта.

Соңында А.Меркель Қазақстан Президентінің қойылған міндеттерді одан әрі жүзеге асыру бағытындағы жауапты қызметіне табыс тіледі.

***

Финляндия президенті Саули Ниинистё Нұрсұлтан Назарбаевты президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады.

«Сізді Қазақстан Республикасы Президенті қызметіне сайлануыңызбен риясыз көңілден құттықтауға маған рұқсат етіңіз. Соншалық жоғары әрі жауапты қызметіңіздің одан әрі табысты болуына тілектестігімді қабыл алыңыз», – делінген жеделхатта.

***

Иордания Королі II Абдалла ибн Хусейн жеке өзінің және иордан халқының атынан Нұрсұлтан Назарбаевты президент сайлауындағы жеңісімен құттықтады.

«Қазақстанмен барлық саладағы мемлекетаралық қарым-қатынасымызды одан әрі де өрістетуге, сондай-ақ достас елдеріміздің мүддесі және бүкіл мұсылман әлемінің игілігі үшін қауіпсіздікті, тұрақтылық пен беййбітшілікті қамтамасыз етудегі күш-жігерімізді арттыруға деген ұмтылысымызды атап өткім келеді», – делінген жеделхатта.

Соңында Иордания Королі Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық тілеп, достас Қазақстан халқының ілгерілеуі мен өсіп-өркендеуіне ниеттестік білдірді.

***

Египет Президенті Абдель Фаттах ас-Сиси Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен шын жүректен құттықтайтынын жеткізген.

«Сіздің қажырлы қызметіңіз мемлекетті дамыту мен өркендетуге бағытталғғған. Екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және екі ел халқының игілігі үшін достық, тарихи байланыстарымызды кеңейтуге ниеттестік білдіруге рұқсат етіңіз», – делінген жеделхатта.

Соңында Египет Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық, ал Қазақстан халқына татулық пен бақ-береке тіледі.

***

Латвия Республикасының Президенті Андрис Берзиньш Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен шын жүректен құттықтаған.

«Елдеріміздің екіжақты қарым-қатынастарын тереңдетуге Сіздің қосып отырған жеке үлесіңіздің арқасында Латвия мен Қазақстанның арасындағы ынтымақтастықтың тұрақты түрде дамып, нығайып келе жатқанын айтқым келеді. Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықтың кеңеюіне жоғары баға беруге рұқсат етіңіз. Латвия өз тарапынан бұл үдеріске бұдан әрі де белсенді ықпал етуге ниетті», – делінген жеделхатта.

Латвия Президенті Қазақстан Президентіне мықты денсаулық және жауапты мемлекеттік лауазымында табыс, ал достас Қазақстан халқына гүлдену тілеген.

***

Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдорж Нұрсұлтан Назарбаевты президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады.

«Сізбен Моңғолия және Қазақстан арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастар аясын одан әрі кеңейту ісінде ынтымақтасатынымызға қуанамын», – делінген жеделхатта.

Соңында Ц.Элбэгдорж Қазақстан Президентіне денсаулық, жұмысына табыс, ал достас Қазақстан халқына бақ-береке тіледі.

***

Германия Президенті Йоахим Гаук Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады.

«Сізге елдің халықаралық аренадағы белсенді қызметіне және құқықтық мемлекет пен демократия қағидаттарын дамытуға байланысты алдағы мақсаттарыңызды жүзеге асыру жолында табыс тілеймін. Қазақстанның және бүкіл өңірдің алдында зор сын-қатерлер тұр. Германия болашақта да экономика мен қоғамды жаңғырту ісінде Сіздің елдің айнымас серіктесі болып қала беретініне сенімді болыңыз», – делінген жеделхатта.

 

0 пікір
Мұрағат