Біз тәуелсіздікті қатты қадірлейміз. Біздің жеріміз мұнайға, газға өте бай. Алайда мұның барлығы өңделмей, сыртқа шығарылды. Сондықтан шикізат ресурстарынан түскен қаржыны біз Қазақстанның индустриясын дамытуға жұмсаудамыз. Бұл туралы Астанада өткен Қазақстан-Польша бизнес форумында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.
Елбасы Ұлттық қорда қанша қаржы бар екенін айтты
|
«Біз өз тарихында алғаш рет тәуелсіздігін жариялаған, жас мемлекетпіз. Сондықтан оны қатты қадірлейміз. Біздің ата-бабамыз ұланғайыр даланы қасық қаны қалғанша қызғаштай қорғап өтті. Біз олардың арманын жүзеге асырудамыз. Біз дамып келеміз. Тәуелсіздік алғаннан бері ел экономикасы 22%-ға, халықтың дәулеті де соншаға өсті. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 13 мың долларды құрады. Нәтижесінде еліміз орташа дамыған мемлекет мәртебесіне ие болды. Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингісінде Қазақстан 53 орында», - деді Елбасы.
Осы орайда Елбасы шикізат ресурстарын сатудан түскен қаржының қайда жұмсалып жатқанын айта келе, Ұлттық қорда бүгінде қанша ақша бар екенін жеткізді.
«Қазіргі таңда бізде инфляция деңгейі төмен. Бүгінде Ұлттық қорда 90 млрд доллар бар. Біздің жеріміз мұнайға, газға өте бай. Еліміз уран кенінің қоры бойынша үшінші орында. Біз қорғасын, цинк, алтын, күміс және Менделеевтің 53 элементін өндіреміз. Алайда мұның барлығы өңделмей, сыртқа шығарылды. Сондықтан шикізат ресурстарынан түскен қаржыны біз Қазақстанның индустриясын дамытуға жұмсаудамыз. 6 жылдың ішінде 1100 жаңа кәсіпорын салынды. Екінші инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бағдарламаға 26 млрд қаржы жұмсадық. Қазіргі таңда 5 жылда 7 мың шақырым жаңа жолдар мен теміржол салу мақсатын қойдық», - деп түйіндеді сөзін Қазақстан президенті.