Елбасы Қазақстанның қатерлері жайлы айтып берді
Елбасы Қазақстанның қатерлері жайлы айтып берді
8 жыл бұрын 4503 tengrinews.kz

Сұхбат республикалық телеарналардың эфирінде көрсетілді. Журналистермен кездесу барысында Елбасыға мемлекеттің болашағына болжаудағы қатерлер жайлы сұрақ қойылды.

"Біз жағдайымызға қарап отырып, болжам жасауға болады. Сол болжауда қатерлер деген неден шығады? Біздің Қазақстанның географиялық тұрған жерінен шығады. Төңірегіміздегі көршілеріміздің жағдайынан шығады, дүниежүзілік экономикадан шығады, ішіміздің тыныштығынан шығады, көршілеріміздің аман-есен болуынан шығады, барлығынан шығады. Экономикамыздың бұрыннан бері қисайып келе жатқан жағы бар - біржақты болып, содан да шығады. Сондықтан, осылардың барлығы болады. Дегенмен, алған негізгі бағдарламадан таймай, кішкене былай, кішкене тоқтап, кішкене артқа, кішкене алға шейін "генеральный линия" дейді ғой, соны бұзбай жүре берсек, түбінде дегенімізге жетеміз деген сөз. Сондықтан, ондай жағдайлар болады. Мысалы, қазір айтып отырмыз, цифрландыру мәселесі, экономика мәселесі - кім ойлады осылай былтыр бір жылдың ішінде біздің экспорт тауарларымыз үш есе төмендеп кетеді деп. Ешкім де ойлаған жоқ. Дүниежүзіндегі белгілі ұлы сарапшылардың ешқайсысы айтқан жоқ бұл кризисті", - деп жауап берді Мемлекет басшысы. 

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті "егер біз бұрыннан осыған қамданбасақ, осы дағдарысты күтпесек, қазір елімізде жағдайдың өте нашар болатынын" айтып өтті. "Ал қазіргі жолдау Үшінші индустриалдық бағдарлама деп отырмыз. Біріншіден, индустрияны ары қарай жалғастыру керек, шағын бизнесті салу керек, әлеуметтік жағдайды түзеу керек, білім беру, денсаулық сақтау мәселелері және ішіміздегі кемшіліктерді жою мәселесі", - деп атап өтті.

Президент қазіргі уақытта үкіметке "Информациялық Қазақстан" деген бағдарламаны дайындау туралы тапсырма берілгенін еске салды. "Бағдарлама дайындалып, биыл жылдың ортасында қабылданады. Бұл өте оңай емес нәрсе, біз мұндайды жасап көрген емеспіз. Жаңадан жұмысқа кірейін деп жатырмыз, бірақ дайындалып жатырмыз", - деді Назарбаев. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы осы дағдарысқа бұрыннан бері дайындық жүргізілгенін айтып өтті. Оның айтуынша, осы индустриялдық бағдарлама арқылы 1000 мекеме іске қосылып, талай жұмыс орны ашылды. Бұл алдымызда тұрған қиыншылықтарға деген жауап деген сөз", - деді Президент.

Айта кетейік, осыған дейін Назарбаевтың мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы сұраққа жауап бергені хабарланған еді. Кейін журналистер саяси бәсекелестіктің жоқтығы жайлы сұрақ қойған болатын.

Еске салайық, Кездесуге қатысушылар "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты жолдауды іске асыру аясында ел экономикасын трансформациялау үдерісінің бірқатар аспектілерін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерін, қазіргі саяси жаңғыру кезеңінің ерекшеліктерін, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтарын, сондай-ақ, басқа да маңызды жайттарды талқылады.

Кездесуге "Қазақстан", "Хабар", "МИР" телеарналарының, "Айқын" газетінің, "Esquire" журналының, "Қазақпарат" ақпарат агенттігінің журналистері қатысты. 

0 пікір
Мұрағат