Ел жаңалықтары: Петропавлда екіұшты билборд пайда болды
|
Петропавлде екіұшты әлеуметтік жарнама берілген билборд пайда болды. Бұл жайында Жетінші телеарна хабар таратты. Билбордта «Өмірден кету бойынша білікті көмек көрсетіледі»,- деп жазылған және есірткі заттары тізбеленген: кокаин, героин, марихуана, экстази, т.б. Әлеуметтік жарнаманың жасаушылардың мақсаты белгілі: есірткіден аулақ болуға үндеу. Алайда, психолог Татьяна Комкинаның айтуынша, жүйкесі сыр берген немесе күйзеліске түскен адамдарға мұндай жарнама ауыр тиеді: оларды, тіпті, өз-өзіне қол жұмсауға итермелеуі мүмкін. Аталмыш жарнама авторы, салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі облыстық орталықтың қызметкерлер арандатушылық мазмұндағы тіркесті әдейі таңдап алғандарын жеткізді. «Жауыр, таптаурын болған форма ешкімнің назарын аудармайды, ой салмайды, тіпті, ондайларға көз қиықтарын да салмайды»,- деп түсіндірді өздерінің әрекеттерін аталмыш орталықтың директор міндетін атқарушы Ольга Фурсова. Десе де, ешкімнің көңіліне тимейтін жазбаның өзі адамның бейсаналы түрде өз-өзіне қол жұмсауына итермелеген жағдайлардың болғанын алға тартты телеарна. Сол себепті, «Тығырықтан шығар жол жоқ» деген жазуды ешқашан қолданбауға кеңес берді.
ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ТІЗІМІНЕН АЛМАТЫДАҒЫ ЦИРК АЛЫНЫП ТАСТАЛДЫ
Алматы қаласындағы қазақ мемлекеттік циркін жекешелендіру тізімінен алып тастады. Бұл жайында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің басқарма басшысы Дәулет Шағыров брифинг барысында айтты. Естеріңізге сала кетейік, жекешелендіру науқанында 869 нысанды жекеменшік нысанына айналдыру көзделген болатын. Оның айтуынша, цирктен өзге аталмыш тізімнен 24 мәдени нысан алынып тасталған. Еліміз бойынша 145 мәдени нысан жекешелендірілмек болған екен. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар нысандарды да тізімнен алып тастау мәселесі қарастырылуда.
Браконьерлер 60 сайғақ өлтірген
Ақтөбе облысында браконьерлер Қызыл кітапқа енгізілген сайғақтардың 60-ын өлітрген. Бұл жайында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрлігінің баспасөз қызметі хабар таратты. Хабарға қарағанда, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданының аумағында жүргізілген рейд барысында Қызылорда облысымен аарадағы шекара маңындағы Ақбас төбеге таяу жерден оқ тиіп өлген 60 бас сайғақ табылған. Сайғаақ тұқымы құрып бара жатқан түрге жатады.
30 МЫҢ КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ
Алматының тынысы кеңейді. Осылайша оңтүстік астана биыл жасыл желекке оранады. Сондай-ақ, шаһардағы бірнеше саябақ пен демалыс орындарына күрделі жөндеу жүргізіліп, жол жиектері абаттандырылады.
Қаладағы апатты 40 мыңға жуық ағаш түбегейлі қырқылса, орнына 120 мың жас көшет отырғызылған. Бұл туралы қала басшысы Ахметжан Есімов халықпен кезекті кездесуінде мәлімдеді. Қазір шаһарда 1 миллион 300 мың терек бар. Бұдан өзге, ауруға шалдыққан 110 мың ағашқа санитарлық қырқу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, былтыр қаламыздағы долы дауыл кездерінде кәрі ағаштың құлау дерегі тіркелмеген. Естеріңізге сала кетсек, 2012 жылы қалада 2000-ға жуық апатты шегіршін сұлап, көліктерді қиратып, жүргінші жолдарын жапқан еді.
«Қаладағы жасыл желектердің жаңартылмағанына қырық жылдан асып кеткен. 2010 жылы жергілікті биологтармен зерттеу жүргіздік. Нәтижесінде, 39 500 ағаштың апатты жағдайда екені анықталды. Сол жарамсыз тал-теректен қалған 4500-і биыл толықтай қырқылып бітеді»,- деді Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов.
Қалалық табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы биыл тағы да 30 мыңға жуық көшет сатып алынатынын мәлімдеді. Жасыл желектің басым бөлігі жаңадан қосылған Наурызбай мен Алатау ауданындарына отырғызылмақ. Қаламыздың экологиялық ахуалын ескерген мамандар автокөлік газына төзімді ауаны жақсы тазартатын, үйеңкі, шырша, қарағай, арша сынды қылқанжапырақтыларды егуді көздеп отыр.
Ұлттық музей ақылы қызмет тәртібіне көшті
BAQ.KZ ақпарат көзінің Ұлттық музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, таратқан хабарына қарағанда 2015 жылдың 21 ақпанынан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі ақылы қызмет көрсету тәртібіне көшеді.
Музейге жеке келушілер:
Ересектерге – 500 теңге
Студенттерге – 300 теңге
Оқушыларға – 200 теңге
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, мүгедектерге, жетім балаларға, мектеп жасына дейінгі балаларға, көп балалы аналарға – тегін.
Экскурсияға арналған билет:
№1, №2 Алтын залдары – 1 000 теңге
Басқа залдар («Ежелгі және ортағасыр тарихы залы», «Тарих залы», « Этнография залы», «Астана залы», «Тәуелсіз Қазақстан залы», «№ 1, № 2 Заманауи өнер залдары») – 1 000 теңге
Аудиогид (құлаққап пен мультимедиялық құрылғылар) – 1000 теңге
Ұжымдық экскурсия:
(алдын ала тапсырыс бойынша, 1 академиялық. сағат – 45 мин., 20 адам):
Қазақ, орыс тілдерінде – 1 000 теңге
Шет тілдерінде – 2 000 теңге
Оқушыларға және мектеп жасына дейінгі балаларға қазақ, орыс және шет тілдерінде – 400 теңге
Тақырыптық экскурсия:
(1 академиялық сағат – 45 мин):
Ересектерге – 900 теңге
Оқушылар мен студенттерге – 650 теңге
Уақытша көрме залына жеке келушілерге:
Ересектер – 500 теңге
Студенттерге – 300 теңге
Оқушыларға – 200 теңге
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, мүгедектерге, жетім балаларға, мектеп жасына дейінгі балаларға, көп балалы аналарға – тегін.
Айта өтейік, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі Орта Азиядағы ең үлкен және жас музей. Ол әлемдегі ірі музейлердің ондығына кіреді. Музей Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2014 жылдың 2 шілдесінде ашылды. Содан бері музей барлық келушілерге тегін қызмет көрсетті. Соңғы 8 айда ҚР Ұлттық музейіне 140 мың адам келді.
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС
Оралда құрамында есірткілік заттар бар дәрі шектеусіз сатылуда
Батыс Қазақстан облысында дәрігерлердің рұқсатымен ғана сатылуы тиіс дәрілер емін-еркін сатылып жатыр. Бұл туралы Астана арнасы аймақтағы есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасына сілтеме жасай отырып, хабар таратты. Ел аумағында құрамында есірткі тектес кадеині бар препараттарды оңды-солды сатуға тыйым салынған. Мұндай дәрілерді қолданған адамның көңіл-күйі нашарлап, өмір сүруге қызығушылығы азаяды. Тіпті, кейбірін тұрақты пайдаланғаннан адамның ғұмыры бір жылдан аспайды деп отыр. Сондықтан, полицейлер бұл саланы бақылауға алып, берілер жазаны күшейту керектігін айтады. "Қала мен облыс дәріханаларын тексеру барысында құрамында есірткі тектес заттар бар Тропикамид және Солпадеин секілді препараттардың еш шектеусіз сатылатынын анықтадық. Жиналған материалдар Әкімшілік кодекстің 426-бабы бойынша фармбақылау мекемесіне жіберілді", - деді БҚО ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының басшысы Андрей Хлевин.