Ел іші: Қостанайда көмір қоймасынан беймәлім мақұлық табылды (фото)
|
Қостанай облысынан бұрын-соңды кездеспеген мақұлық табылды, - деп хабарлайды Kostanaytany.kz.
Басылымның мәліметінше, жануар Әулиекөл ауданының Бағаналы ауылынан табылған. Өткен жылы қазан айында ауылға бірнеше тонна көмір түсіріледі. Бірнеше күн бұрын мектеп жұмысшылары сол көмірлердің арасынан көлемі бөлке нандай болатын жұмыртқа тауып алған.
"Сыртқы қабаты желім сияқты жабысқақ. Жұмыртқаға мүлде ұқсамайды. Ішінен 20 сантиметрдей болатын құртқа ұқсас жәндік шықты. Қатты таңырқаған жұмысшылар жәндікті мектептегі еңбек кабинетіне әкеліп, түр-сипатын анықтап көру үшін су құйған. Сол мақұлықтың кезде құйрық жағы үрленіп, аздап қимылдай бастайды. Кейін жәндіктің түсі көк болып өзгерген", - делінген басылымда. Сонымен қатар, жәндіктің тісі бары анықталды.
Ауыл тұрғындары осы жағдайға байланысты ауыл әкімімен байланысады. Ол тұрғындарға Қостанайдағы ғылыми-зерттеу орталығына хабарласуға кеңес беріпті. "Тұрғындар ғалымдарға хабар берген. Қазір бұл жәндіктің 30 градус аязда қалай өліп қалмағаны анықталып жатыр. Жәндіктің сыртқы келбеті жыланға да, басқа тіршілік иелеріне де ұқсамайды", - деп хабарлады жергілікті басылым.
Айта кетейік, беймәлім тіршілік иесін ауыл тұрғындарының бірі үйіне әкеткен.
Алматыда автобустың адам қағып кеткені бақылау камерасына түсіп қалды
Алматыда жолаушылар автобусы адам қағып кетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қоғамдық көлік жүргізушілерінің кезекті жол ережесін бұзғаны бақылау камерасына түсіп қалған. Оқиға Абай мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында болды. Кадрдан бағдаршамның жасыл түсіне өтіп бара жатқан жолаушыларды көруге болады. Автобустың жақындап келе жатқанын көрген екі адам жолдан тезірек өтіп кетуге тырысты. Дегенмен автобус қызды басып кетті.
Құқық қорғау органдары видеоны тексеріп, жол-көлік оқиғасының 12 қаңтарда болғанын анықтады. "1994 жылғы қыз ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның өміріне ешқандай қауіптің төніп тұрмағанын айтты. Істі Бостандық ауданы ІІБ тексеріп жатыр. Жүргізуші адамдардың өтіп бара жатқанын көрмей қалғанын айтқан. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", - деді Алматы ІІД өкілі Салтанат Әзірбек.
Қарағанды тұрғыны дүкеннің ет тұратын сөресінде құстардың ұшып жүргенін видеоға түсіріп алды
Қарағанды тұрғындарын дүкеннің ет тұратын сөрелерінде құстардың ұшып жүруі ашуландырды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Редакциямызға дүкен сөресінде құстардың ұшып жүргені түсірілген видеоны Қарағанды тұрғыны Ербол Амен жолдады. Ол оқиғаның 2015 жылдың 31 желтоқсанында Magnum Cash & Carry супермаркетінде болғанын айтты. Қала тұрғыны құстың ғимарат ішінде еркін ұшып, тұтыну тауарларын бүлдіріп жүргеніне наразы екенін жеткізді.
Сауда кешенінің басшылығы бұл мәселенің 2015 жылдың екінші жартысында пайда болғанын айтып отыр. "Күн сайын дүкенге тонналаған азық-түлік әкелінеді. Оның иісі қысқы уақытта аш жүрген құстарды еліктіреді. Залға тауарларды кіргізген кезде есік ашық болады, құстар осы сәтте кіріп кетеді. Бұл қызметкерлердің жұмысын қиындатып жатыр. Ал олардың құрту үшін химиялық заттарды қолдану мүмкін болмай отыр", - деді сауда кешенінің директоры Елена Заменко.
Ол қазір бірнеше шараның қабылданғанын айтты. "Құстарды жабыстыруға арналған желім және торлар орнатып жатырмыз. Қызметкерлер дүкен сөрелеріне қойылған тауарларды күн сайын тексеріп, сақтау мерзімі мен тауардың дұрыстығын анықтайды. Сондықтан да құстар бүлдірген етті сатты деген қауесетті жоққа шығарамыз. Ондай өнімдер сөреден дереу алынып отырады. Бұл мәселені барынша қысқа уақытта тиімді әдісепен шешу компания үшін өте маңызды", - деді ол.