Ел іші: Балқашта тегін нан таратылады (видео)
|
Қарағанды облысының Балқаш қаласында тегін нан таратылады. Бұл – отандық бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі артып келеді деген сөз. Дағдарыс күллі әлемді жағадан алған тұста Балқаш нан зауыты қала тұрғындарына өз өнімдерін таратуды дәстүрге айналдырған. Осылайша, кәсіпорын зейнеткерлер мен көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетіп отыр. Естеріңізге сала кетейік, бұл зауыт шағын қалаларды дамыту бағдарламасы аясында ашылған. 100 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын тәулігіне 17 тонна 90 түрлі нан өнімін шығарады. Табысын еселеуді емес, халықтың алғысын алуды көздеген зауытқа тұрғындар дән риза. Жергілікті тұрғын: - Бұл кәсіпорын зейнеткерлер мен көпбалалы отбасыларына көмек көрсетіп отыр. Әрине, біз бұндай игі істі қолдаймыз. Жергілікті тұрғын: - Біз тегін нан алып тұрамыз. Өте қуаныштымыз, мұндай шаралар көбірек бола берер деген тілегіміз бар. Жергілікті тұрғын: - Жақсылықты көксеген шараның арқасында күнделікті тәтті де жұмсақ нан жеп отырмыз. Зауыт ұжымына алғысымызды айтамыз.
Астана тұрғыны адамдарды көлігімен тегін тасып, мәселелерін шешіп беріп жүр
Қазақстанда "Жақсылық жаса" акциясы өтіп жатыр. Әлеуметтік желі қолданушылары көмек көрсеткісі келетінін жазу үстінде. Мәселен, Астана тұрғыны Арман Шекімов бос уақытында адамдарды тегін тасымалдап, мәселелерін шешіп беретінін айтып отыр. "Tengrinews.kz" тілшісіне берген сұхбатында ол бұл идеяның ойда жоқта келгенін айтып берді. "Мен психологиялық сауда жөніндегі тренинг-менеджермін және бос уақытым бар. Мұның барлығы негізінде жоспарлы түрде болған жоқ, ойда жоқта ойға келді. Уақытымды диванда бос өткізгенше, іс жасауым керек деп ойладым. (...) Бір құрбыммен сөйлескенімде ол протезбен жүретін қыз жайлы, оның көмекке мұқтаж екенін айтты - оған жүру қиын екен. Бірақ ол қозғалуы керек екен. Ол жалдамалы бухгалтер болып істейді екен. Мен онымен бірге жүре бастадым. Бірінші рет солай басталды. Кейін менің телефоным тарала бастады. Мен осыны көбірек адам білуі үшін Facebook желісіне жаздым.
Жазба қалдырғаннан кейін мұқтаж адамдар хабарласа бастады. Бәріміз дос болып кеттік", - деді Арман. "Facebook желісіндегі бұл жазба өзімді өзім жарнамалау үшін жазылған жоқ, ер адамдарды, белсенді жастарды тартқым келді", - дейді Арман Шекімов. "Қанша адамға көмек қажет екенін білмейміз. Бүгін маған 3-5 баланы жалғыз асырап отырған аналар хабарласады, кейбірінің баласы сал ауруына шалдыққан. Балалары Германияға көшіп кеткен зейнеткер әже бар. Таяуда оның ауласын жігіттермен бірге тазалап бердік. Көзі көрмейтін бір қызбен жақын араласамыз. Құжаттарын жинастырып жатырмыз. Оның дұрыс толтыруын қадағалап отырмын. Қазір оның көзіне операция жасалуы керек", - дейді ол.
Оның айтуынша, бір апта ішінде одан 100-ге жуық адам хабарласып, көмек сұрайды.
"Үш баласы бар әйелді білемін, оның баласы сал ауруына шалдыққан, оны ауруханаларға жеткіземіз. Көмекке мұқтаж қырыққа жуық адам бар, ал аптасына 100 адам хабарласады. Түсінемін, жақсылықты жар салу дұрыс емес, алайда мәселен бір жігіт бүгін кешке сыра ішудің орнына біреуге көмектескені жақсы болар еді. Мәселен, көрші үйдің есігінің құлпы бұзылып қала береді. Ал үй иесі егде жасағы әйел", - дейді ол.
Ұлттық киімдерді қолға алған тігінші толағай табысқа кенелді (видео)
Қостанай облысында былтыр 28 кәсіпкер 65 млн теңгенің грантына ие болған. Сол үшін биыл 30 млн теңге бағытталып, мемлекеттің қайтарымсыз несиесі іскер жандардың тынысын кеңейтті. Гранттың арқасында шаруасын өрге бастырған кәсіпкерлердің бірі Рудный қаласында тұрады. Гүлнұр Омарова – Өзбекстаннан 2002 жылы қоныс аударған. Тарихи Отанына оралған ол кеншілер кентінде 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Зәрифа Кеңжаева – 20 жылдық өтілі бар тігінші. «Ұлттық киім тігудің өз ерекшілігі бар. Оған асқан ұқыптылық, зор ынта, шығармашылық керек», - дейді ол. Жылдың қай мезгілінде де Зәрифаның жұмысы қауырт. Зәрифа Кеңжаева, тігінші: - Келін түсіру, бесік той, баланың 1 жасы, сүндеттойға арналған көкірекше, қамзол, бешпент – бәрі тігіледі. Тапсырыс әр жерлерден түседі, Астанадан келеді, Қарағандыдан. Шағын цехтың сапалы өнімдері бүгінде елімізде кеңінен танымал. Тапсырыс осылайша республика бойынша түсіп тұрады. «Мұның бәрі мемлекет жәрдемінің нәтижесі»,- дейді Гүлнұр Омарова. Ұтып алған 3 млн теңге қаражатқа ол барлық қажетті жабдықтарды алып, керек-жарағын түгендеді. Компьютерленген тігін машинасы мүмкіндікті кеңейтті. Мақсат – барынша заманға сай болу. Гүлнұр Омарова, кәсіпкер: - Күні-түні тынбай еңбектенеміз. Барлық киімді жақсылап ойластырып алып, матасын алып, тұтынушылармен де жақсы жұмыс істеп, олардың да ойларын, тілектерін ескере отырып, игілікті жұмыс істеп жатырмыз. Цех той көйлектерінен бастап, қоржын, дорба, ұлттық киімдердің барлық түрін тігеді. Оларды сататын бөлме де жанында. Кәсібі арқылы ұлттық салт-дәстүрді насихаттап отырған нысанның тұрақты тұтынушылары да жеткілікті. Сара Бейсенова, Рудный қаласының тұрғыны: - Немерелеріме костюм алдым, бір ұл, қыздарыма да алдым. Өзіме ұнайды, құдағиларымды да алып келемін осында. Гүлнұр Омарованы тігіншілік өнер, кәсіпке икемдеген анасы Баршагүл еді. Олардың отбасылық бизнесі қазір 5 адамның күнкөріс көзі. Кәсіпкер Наурыз мейрамында елордада өтетін «Қазақстанда жасалған» көрмесіне шақырту алды. Қазір ұжым осы маңызды іс-шараға қызу дайындық үстінде.