Ел іші: Әскер қатарына барғысы келетіндердің денсаулығына талап күшейді
|
Есеп бойынша мерзімді әскери қызметке шақырылатын әрбір 50 азаматтың шамамен 12-сі ғана Отан алдындағы борышын өтеуге жарамды. Бұл Ертіс өңірі бойынша көрсеткіш. Болашақ сарбаздардың денсаулығында көп кінарат болады екен. «Салмақ жетіспеушілігі, психологиялық және созылмалы аурулардың болуынан», – дейді мамандар. Десе де, сарбаз атануға ниеттілердің қатары қалың. Жалпы көктем мерзіміндегі әскер қатарына Павлодар облысынан 900-ге жуық бозбала шақырылады деп күтілуде. Бүгінде әскер қатарына барғысы келетіндердің денсаулығына қатысты талап күшейе түсті. Мәселен, осыған дейін бойы 155 см болатын жігітке әскер қатарында борышын өтеуге құқық берілсе, бүгінде бұл талап өзгерді, бойдың ұзындығы 165 см-ден кем болмауы тиіс. Білімі жоғары немесе орташа-арнайы болғаны жөн. Ал мемлекеттік қауіпсіздік қызметі қатарына шақырылатындар үшін талап өзгеше. Олардың бойының ұзындығы 180 см-ден кем емес, көру қабілеті мен дене бітімі де физикалық тұрғыда жақсы болуы керек. Бақыт Мейірханов, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары -Қазір шақыру комиссиясының әскер қатарына шақырылатын азаматтардың сапасы, медициналық куәландырудан өткізуі, психологиялық жағына қарау сапалы жүріп жатыр деп айтуға болады. Қазіргі таңда барлық біздің бұйрықтарымыздың, заңдарымыздың талаптарына сай жүріп жатыр деп айтуға болады. Әскер қатарына шақырылатын азаматтардың сапасына өте қатаң талап қойылды.
Жас спортшылар генетикалық тексеруден өтеді
Енді елімізде спортшыларды даярлауға ғалымдар да атсалыспақ. Игі бастаманы Шығыс Қазақстан облысы бірінші болып қолға алды. Болашақ жеңімпаздарды аймақтағы кәсіпқой жаттықтырушылар Назарбаев Университетінің белгілі ғалымдарымен бірілесіп дайындамақ. Ол үшін олар арнайы мектеп-интернат оқушыларын генетикалық тексеруден өткізбек. Сол арқылы спорттың қай түріне бейімі бар екенін ерте бастан анықтамақ. Әуелі облыстың әр түкпірінен қол-аяғы балғадай балғындар іріктеліп спорттық-норматив пен медициналық тексеруден өтеді. Іріктеуден өткендері генетикалық сараптамаға жіберіледі. Сондықтан ғалымдар жас спортшыларды бойындағы күш қуатын ерте бастан анықтап, нақты бір спорт түріне бағыттамақ. Жалпы әлемде спортшыларды генетикалық тексеруден өткізу өте қымбат тұрады. Александр Лущаев, облыстық Денешынықтыру диспансерінің бас дәрігері -Шамамен жылына 200 адамды генетикалық тексеруден өткізіп көрмекпіз. Ол үшін 20 миллион теңге қажет. Халықаралық талап бойынша бұл өте арзан болып есептеледі.