Денсаулық министрлігі әйелдердің жұмыс күнін қысқарту ұсынысына пікір білдірді
Денсаулық министрлігі әйелдердің жұмыс күнін қысқарту ұсынысына пікір білдірді
8 жыл бұрын 3067 inform.kz

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде «халық коммунистерінің» әйелдердің жұмыс күнін екі есеге қысқарту туралы ұсынысына пікір білдірілді.

«Әрине, заңнамада мұндай ережелер жоқ және өзгерістер енгізу әзірге қарастырылмаған. Себебі, Еңбек кодексінде әйелдерге және ерлерге қатысты ешбір кемсітушілік жоқ. Барлығы тең дәрежеде. Әрине, біз мұндай ұсыныстарды қарастыруға әрдайым дайынбыз. Бірақ, өзгерістерді енгізетінімізге уәде етпейміз. Егер бұл ұсыныс заң шеңберінде болса, барлығына талдау жүргізетін боламыз», - деп атап өтті министрліктің еңбек және әлеуметтік серікстестік департаментінің директоры Мәдина Наурызбек.

Бұл ретте ол қысқартылған жұмыс күні қарастырылған мамандықтардың тізімі туралы министрдің бұйрығы барын айтып өтті. Бірақ, олар жыныстық ерекшеліктер бойынша бөлінбеген.

Еске салайық, мұндай ұсынысты Қазақстан коммунистік халық партиясының Астана қалалық комитетінің бірінші хатшысы Марат Әубәкіров жасаған болатын. Ол әйелдер көбіне медицина, білім беру салаларында еңбек ететінін атап өтті. Бірақ, оның пікірінше, бұл жүйеде жалақы төмен.

«Сондықтан, әйелдер ақша табу үшін көбірек жұмыс істеуге мәжбүр. Олардың балалардың, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне уақыт қалмайды. Кейбір бастамашылар әйелдер түстен кейін балалар тәрбиесімен айналысу үшін, оларға түске дейінгі жұмыс күнін ұсыну туралы айтуда. Мүмкін, оны қарастыруға болатын шығар», - деді ол. 

0 пікір
Мұрағат