Былтыр Қазақстан азаматтары қажылық сапарға 5 млрд. теңге жұмсаған
Былтыр Қазақстан азаматтары қажылық сапарға 5 млрд. теңге жұмсаған
5 жыл бұрын 3901

2019 жылы Сауд Арабиясы билігі қажылық сапар үшін Қазақстанға 3200 квота бөлген екен. Ал интернеттегі ашық дереккөздердің мәліметіне қарағанда өткен жылы қазақстандықтар қажылық сапарға 5 миллиард теңге жұмсаған. Бұл жайында abai.kz ақпарат көзі хабар таратты. 

Жалпы қазақстандықтарды Мекке-Мединеге жеткізумен туристік операторлар айналысатыны белгілі. Елімізде арнайы қажылық сапарды ұйымдастыратын 18 компания ресми тіркеуде көрінеді. Олардың қызметтік пакеттеріне көбіне «эконом», «стандарт», «комфорт» және «люкс» пакеттері кіреді. Сапар шамамен 15-25 күнге есептелген. Құны 3 мыңнан 6 мың долларға дейін (1 миллионнан - 2,5 миллионға дейін).

Бұл сомаға, яғни турадың бағасына - билет, қонақ үйде тұру, тамақтану, қала мен Әл-Харам мешітіне тасымалдау, алғашқы көмек, жолсерік қызметі және қажылық жиынтығы (қажылық кітабы, жүк және қол сөмкесі, аяқ киімге арналған рюкзактар, гид, қажылық, фирмалық көкірекше) т.б. кіреді. Кейбір компаниялар қосымша фото, видео операторының қызметтерін ұсынады екен.

2019 жылы Сауд Арабиясы билігі қажылық сапар үшін Қазақстанға барлығы 3200 квота бөлген екен. Егер қажылардың әрқайсысы сапарға орта есеппен 1,5 миллион теңге жұмсаған болса, жалпы қазақстандықтар Меккеге шамамен 4,8 миллиард теңге (немесе шамамен 12,5 миллион доллар) қалдырады.

Ал, Умра қажылығының (кіші қажылық) құны арзандау. Бұл сапарға қажылар шамамен 800-2000 доллар (300-800 мың теңге) жұмсайды екен. Бағдарлама 10 күнге есептелген.

Турдың бағасына - виза алу, борттағы тамақпен әуе сапарлары, қонақүйде тұру, екі мезгіл тамақтану, мешітке тасымалдау, гид және қасиетті жерлерге экскурсия кіреді. Үлкен қажылықтан айырмашылығы - адам жылдың кез келген уақытында бара алады.

Қажылық – мұсылманның бес парызының бірі. Бұл зул-хиджа күнтізбесінің 12-ші айының басында болады. Қажылыққа баратын адамның ақыл-есі дұрыс және денсаулығы мен қаржылық мүмкіндігі болуы керек. Және, бұл сапарға жұмсалатын ақшаны толықтай адал жолмен табу қажеттігі айтылады.

Бұған дейін қажылыққа 100 рет барғаны үшін дүркіретіп той жасаған Амангелді Еренғайыпұлы әлеуметтік желі қолданушыларының сынына қалған еді. Ол 2002 жылдан бастап «Нұр Қазақстан» қажылық компаниясын басқарып келеді. Үлкен қажылыққа 22 рет, кіші қажылыққа 78 рет барған.

Айта кетейік, бүгінде бүкіл әлемге таралған індет салдарынан Сауд Арабиясы қажылық сапарды тоқтатқанын мәлімдеген. Сондай-ақ, олар коронавирустың таралуы жағынан қауіпті елдерден келетіндерге туристік визалар беруді де уақытша тоқтатқан.

0 пікір
Мұрағат