БҰҰ БОСҚЫНДАРДЫ БІЗДІҢ ЕЛГЕ ДЕ КІРГІЗБЕК
БҰҰ БОСҚЫНДАРДЫ БІЗДІҢ ЕЛГЕ ДЕ КІРГІЗБЕК
8 жыл бұрын 4169 Abai.kz Нұрзат Тоғжан

Жақында Біріккен Ұлттар ұйымы Таяу Шығыс пен Африка елдерінен ағылған босқындардың бір бөлігін Қазақстанға да кіргізу туралы мәселені сөз еткені белгілі болды.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш мырза германиялық «Focus» журналына берген сұхбатында босқындарды орналастыру мәселесін сөз еткен.

«Ливан, Түркия және Иордания секілді елдер қазір босқындардың көптеп келуінен экономикалық әм саяси қысымға ұшырады. Сондықтан ол елдердегі мөлшерден тым көп босқындарды әлемнің өзге елдеріне де орналастыруымыз қажет. Босқындарды әлемнің барлық елдеріне теңдей бөлуіміз керек»,-деді Португалияның экс-премьері.

Айта кетейік, 13-қазан күні БҰҰ Бас Ассамблеясы ұйымның бас хатшылығына Португалияның экс-премьері Антониу Гутерришті сайлаған болатын. Оның кандидатурасын ұйымның Қауіпсіздік кеңесі мақұлдап, Ассамблея мүшелері бір ауыздан қолдаған-тын. Енді ол өз міндетіне 2017 жылдың 1-қаңтарынан бастап кірісетін болады.

Ал 14-қазан күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жаңа Бас хатшы Антониу Гутерришті жеңісімен құттықтап, ұйымға мүше мемлекеттердің бір ауыздан дауыс беруі, оған артылған сенімнің жоғары екендігін білдіретіндігін айтқан.

P.S. БҰҰ Бас хатшысы айтқандай Таяу Шығыс пен Африка елдерінен ағылған босқындарды экономикалық әлеуеті бар, босқын қабылдауға қауқарлы мемлекеттерге теңдей бөлетін болса - бұл санатта Қазақстанның да болатыны анық.  Әсіресе, әлемдік саясатта ойып тұрып орын алатын Мемлекет басшысының беделі мен қазақ халқының кеңқолтық пейілі Қазақстанды дамушы елдер тізіміне енгізгені тағы бар. Жерінің асты мен үсті "шашпа-төк байлыққа толы" Қазақстанның өткен жылдан бері БҰҰ тұрақты емес мүшелігіне өткенін ескерсек, босқындар көшін жөнелтетін елдер сапында екеніміз тағы рас. Оның үстіне Қазақстан өз тарихында, сонау соғыс жылдарында Кеңестік жүйе босқындарын қабылдап, бүгінде терезесі тең азаматтар қатарына қосқанын әлем халқы жақсы біледі. Бүгінде сол этностар толыққанды Қазақстан азаматтары атанып, тіпті олардың өкілдері еліміздің ең ықпалды органдарында қызметке орналасты.

Демек, Антониу Гутерриш жұмысына кірісетін ендігі жылдан бастап Қазақстан босқындар қабылдау лагеріне айналуы әбден мүмкін екендігін әзірге жоққа шығара алмайтынымыз рас.

0 пікір
Мұрағат