«Болашақтың» түлегі ауылда сабақ беріп жүр
«Болашақтың» түлегі ауылда сабақ беріп жүр
6 жыл бұрын 3103 baq.kz Әсем Ұланқызы

«Болашақ» бағдарламасы бойынша Лондондағы Королева Мария Университетін ойдағыдай бітіріп келген Айтмұхамед Қалмаханов Целиноград ауданындағы Қызылсуат ауылындағы мектепте информатика пәнінен сабақ беріп жүр. Бұл шетелден оқып келген талай жасқа өнеге боларлық іс.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары көптеген жас түлектеріміз таңдаған оқу орындарының қатарында атақтары әлемге әйгілі жоғары оқу орындары да бар. Бұл тұрғыда «Болашақ» бағдарламасының алар орны ерекше екендігі айқын. Аталмыш бағдарлама аясында білім алған көптеген жастар бүгінде лауазымды қызметтер атқарып, ел экономикасының алға асуына елеулі үлес қосып жүр. Сонымен қатар, ауылдық мектептерде дәріс беріп, шетелдерде алған білімдерімен жас ұрпақпен бөлісіп жүрген мамандар да аз емес.

Сондай жас маманның бірі, Целиноград ауданының Қызылсуат ауылындағы мектепте информатика пәнінен сабақ беріп жүрген Айтмұхамед Қалмаханов 1991 жылы Жамбыл облысы, Шу ауданы Төле би ауылында дүниеге келген. 2009 жылы Ермахан Бекмаханов атындағы орта мектепті «Алтын белгіге» бітірген. Орта мектепті тәмамдаған соң Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия университетіне оқуға түседі. Бір жыл шет тілін оқып, білімін жетілдірген соң «Болашақ» бағдарламасы аясында Англияның астанасы – Лондон қаласындағы Королева Мария университетінде оқуын жалғастырады.

«Орта мектепті өте жақсы деген бағамен бітіріп, шетел, оның ішінде ағылшын тілін біраз үйрендім дегенмен, ол Англиядағы жоғары оқу орнында білім алуға жеткіліксізекендігін түсіндім. Сондықтан да, алғашқыда Еуразия университетіне түсіп, білімімді жетілдіріп алу керек болды. Соның өзінде Англияға барған соң бір жыл бойы ағылшын тілін тағы да тереңдете оқып, үйренуге тура келді», – дейді Айтмұхамед Қалмаханов.

Бүгінгі таңда шетелдерде білім алу талабы таудай жеткіншектер үшін көп қиындық тудыратындай мәселе емес. Дегенмен, ауылда жүріп оқуын сонау Англияда жалғастыруға не себеп болғаны қызықтырды.

«Шамамен 7-8 сыныптардан кейін әрбір оқушы «өскенде кім боламын» деген ойға беріле бастайтын болар. Мен де ойша талай мамандықты «шарлап», біраз оқу орындары туралы ой толғаған балалардың бірімін. Сонымен қатар, анамның үнемі «балам жақсы оқы, жақсы білім алсаң ғана білікті маман бола аласың» дейтіні мені қамшылай түскен болар. Міне осындай ой-толғамдар мен арман, анамның ақылы менің жігерімді қайрай түскен болар, жоғарыда айтып өткенімдей, Лондондағы Королева Мария университетін тәмамдауыма түрткі болды. Аталмыш оқу орнында оқу алғашқыда оңай болған жоқ. Басында біз «Foundation” бағдарламасы бойынша оқыдық. Біздің түсінігімізде бұл мектеп бағдарламасы. Бұл арада Қазақстандағы орта мектептегі білімнің, біздегі базаның мықты екендігін байқадым. Қарапайым тілмен айтсақ, біздің орта мектепте жақсы оқыған бала ағылшын тілін жақсы меңгерсе ол жақтағы жоғары оқу орындары бағдарламасын тез меңгеріп кетеді. Мақтап отыр демеңіз, дегенмен ол жақта оқитын қазақстандық студенттердің басым көпшілігі оқу озаттары», – дейді Айтмұхамед.

Лондонда ол ақпараттық жүйе факультетінде IT-технология мамандығы бойынша білім алған. Бүгінде жас маман Қызылсуат ауылындағы мектепте оқушыларға білгенін үйретуде.

«Шындығында, оқу бітіріп келген соң 5 жыл ауылда қызмет істеу қажеттігі туралы міндеттемем бар. Бастапқы келісім-шарт солай. Яғни, бұл арада ешқандай «ерлік» жоқ. Әрине, ауылдағы мектепте сабақ берумен шектеліп қалған жоқпын. Сонымен қатар, Астана қаласындағы «HaileyburyAstana» мектебінде қызмет істеймін», - дейді А.Қалмаханов.

Сонау Англияның астанасы – Лондон қаласында жоғары оқу орнын бітіріп, өзінің балалық шағы өткен елдімекенге ұқсас шағын ауылда іні-қарындастарын білім бұлағынан сусындатып, олардың да саналы азамат болып қалыптасуларына өзіндік үлес қосып жүрген жас ұстаздың алға қойған мақсаты да биік.

«Ендігі арманым - жекеменшік курс ашып, жас жеткіншектерге ағылшын тілін тереңдете оқыту. Ойым жүзеге асып, ісім алға басса жекеменшік мектеп ашу да ойымда бар», - дейді жас маман.

0 пікір
Мұрағат