“Болашақ” бағдарламасына қалай тапсыруға болады?
“Болашақ” бағдарламасына қалай тапсыруға болады?
4 жыл бұрын 2770 Таңшолпан Бегалықызы. Inform.kz

Жақында “Болашақ” бағдарламасына құжат тапсырудың шарттары өзгерді. Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов бағдарламаға енген 10 өзгеріс туралы айтты. Baribar.kz осы ақпарат негізінде бағдарламаға қалай тапсыруға болатынын түсіндіреді. 

1. Бағдарламаға қатысудың қанша қадамы бар?

Бағдарламаға қатысу 5 қадамнан тұрады.

1-қадам

Талаптарға сәйкес келу.

2-қадам

Қажет құжаттарды жинау.

3-қадам

Көрсетілген мерзімде Электрондық үкімет порталы арқылы құжаттарды тапсыру.

4-қадам

3 турдан тұратын конкурс іріктеуінен өту. Бұған дейін іріктеу 6 турдан тұратын еді, қазір үшке қысқарды:

1-тур – Кешенді тестілеу;

2-тур – Тәуелсіз сарапшылар комиссиясы мүшелерімен жеке сұқбат;

3-тур – Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы.

5-қадам

Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешімді қабылдағаннан кейін, стипендиат не оның сенімді тұлғасы стипендия тағайындалған күннен бастап күнтізбелік 90 күн ішінде "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ Заң қызметі департаментіне хабарласып, осы орталықпен оқуды ұйымдастыру туралы шарт және кепіл шартын жасасуы қажет. Шарттар уақтылы жасалмаса, стипендиат "Болашақ" халықаралық стипендиясының иегері мәртебесінен айрылады.

2. Бағдарламаға қатысу талаптары қандай?

"Болашақ" бағдарламасына шетелде магистр дәрежесін алу, докторантурада және резидентурада оқу, сондай-ақ тағылымдамадан өту үшін тапсыруға болады. Бағдарламаға қатысудың мынадай талаптары бар:

Магистр дәрежесін алуға үміткерлер:

  • бағдарлама ұсынатын ЖОО тізіміне енген шетелдік ЖОО-дан шартсыз шақырту болуы (қаржылық шарттарды қоспағанда) қажет;
  • мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны туралы сертификат болуы (нәтижесі В1 деңгейден кем емес) қажет;
  • бакалавр немесе маман дипломының орташа балы есептелмейді.

Бағдарлама ұсынатын ЖОО тізімі мына жерде.

Ауылды елді мекеннен шыққан үміткерлер:

  • кейінгі 3 жылда ауылды елді мекенде тұруы және кейінгі 2 жылда ауылды елді мекенде еңбек қызметін жүзеге асыруы керек;
  • бакалавр немесе маман дипломының қосымшасы бойынша орташа балы кемінде GPA 2,67 (4.33/4.00) не 5.00-ден 4.00 болуы керек;
  • кемінде В1 деңгейлі нәтижесі бар мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны туралы сертификаты болу керек;
  • белгіленген ең төменгі талапқа сай келетін нәтижесі бар шет тілінен емтихан тапсырғаны туралы сертификаты болу керек;
  • бакалавр/маман дипломы бойынша мамандығының мәндес мамандықтар тізімінде таңдаған мамандығына сай келуі керек.

Мәндес мамандықтар тізімі мына жерде.

Доктор дәрежесін алуға және резидентурада оқуға үміткерлер:

  • ұсынылған ЖОО тізіміне енгізілген шетелдік ЖОО–дан шартсыз шақырту болуы (қаржылық шарттарды қоспағанда) керек;
  • мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны туралы сертификаты болуы керек (нәтижесі В1 деңгейден кем емес)
  • бакалавр немесе маман дипломы бойынша орташа балы есептелмейді.

Тағылымдамадан өтуге мынадай тұлғалар үміткерлер бола алады:

  • ғылыми-педагогикалық қызметкерлер;
  • инженерлік-техникалық қызметкерлер;
  • денсаулық сақтау саласының қызметкерлері;
  • мемлекеттік қызметшілер.

Оларға мынадай талап қойылады:

  • тағылымдамаға қабылдайтын шетел ұйымының атынан шартсыз шақырту болуы (қаржылық шарттарды қоспағанда);
  • жалпы еңбек өтілі кемінде 3 (үш) жыл, оның ішінде кейінгі 12 айы таңдаған мамандық саласында болуы;
  • кемінде В1 деңгейлі нәтижесі бар мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны туралы сертификаты болу;
  • бакалавр немесе маман дипломы бойынша орташа балы есептелмейді. 

3. Бағдарламаға қандай құжаттар тапсыру керек?

Магистр дәрежесін алуға үміткерлер:

  • үлгі бойынша толтырылған сауалнама;
  • жеке куәлік және төлқұжат;
  • қосымшасы бар бакалавр немесе маман дипломы, шетелдің білім беру ұйымында оқыған жағдайда білімі туралы құжатты тану және/немесе нострификациялау туралы куәлік немесе Білім туралы заңның 39-бабы 8-тармағында бекітілген ерекшеліктерді ескере отырып, білімі туралы құжатты тану туралы басқа құжат;
  • мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификат;
  • шетелге шығатын тұлғалар үшін 082 үлгісі бойынша денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама;
  • мемлекеттік немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аудармасы бар академиялық оқуға шартсыз қабылданғанын растайтын, бағдарламасы, мамандығы, оқу кезеңі көрсетілген құжаттардың көшірмесі (қаржылық шарттарды қоспағанда);
  • шетелдің жоғарғы оқу орны берген үлгерім туралы ресми құжат/мамандығын, курсын (оқу жылын), осы оқу орнында пайдаланылатын бағалау жүйесі туралы ақпаратты және бар болған жағдайда мемлекеттік немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аудармалары бар осы оқу орнындағы ағымдағы үлгерімнің орташа балын көрсететін белгіленген үлгідегі анықтама (Тізімге енгізілген шетелдің жетекші жоғары оқу орындарында академиялық оқуда оқитын адамдар үшін);

Магистр дәрежесін алуға ауылдық жерден шыққан үміткерлер

  • үлгі бойынша толтырылған сауалнама;
  • жеке куәлік және төлқұжат;
  • қосымшасы бар бакалавр немесе маман дипломы, шетелдің білім беру ұйымында оқыған жағдайда білімі туралы құжатты тану және/немесе нострификациялау туралы куәлік немесе Білім туралы заңның 39-бабы 8-тармағында бекітілген ерекшеліктерді ескере отырып, білімі туралы құжатты тану туралы басқа құжат;
  • еңбек қызметін растайтын құжаттар және ауылды елді мекендерде еңбек қызметін жүзеге асырудың кейінгі 2 жылдағы аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы үзінді көшірме;
  • В1-ден кем емес нәтижесімен мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсырғаны туралы белгіленген үлгідегі жарамды ресми сертификат;
  • белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес нәтижесі бар шет тілі бойынша емтихан тапсырғаны туралы белгіленген үлгідегі жарамды ресми сертификат;
  • шетелге шығатын адамдар үшін 082у үлгісі бойынша денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама;
  • тұрғылықты жері туралы Әкімші тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден және дерекқорлардан алған мәліметтер.

Доктор дәрежесін алуға және резидентурада оқуға үміткерлер:

  • үлгі бойынша толтырылған сауалнама;
  • жеке куәлік және төлқұжат;
  • қосымшасы бар бакалавр немесе маман дипломы, шетелдің білім беру ұйымында оқыған жағдайда білімі туралы құжатты тану және/немесе нострификациялау туралы куәлік немесе Білім туралы заңның 39-бабы 8-тармағында бекітілген ерекшеліктерді ескере отырып, білімі туралы құжатты тану туралы басқа құжат;
  • мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны туралы белгіленген үлгідегі жарамды ресми сертификат;
  • шетелге шығатын тұлғалар үшін 082 үлгі бойынша денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама;
  • мемлекеттік немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аудармасы бар академиялық оқуға шартсыз қабылданғанын растайтын және бағдарламасы, мамандығы, оқу кезеңі көрсетілген құжаттардың көшірмесі (қаржылық шарттарды қоспағанда);
  • шетелдің жоғарғы оқу орны берген үлгерім туралы ресми құжат/мамандығын, курсын (оқу жылын), осы оқу орнында пайдаланылатын бағалау жүйесі туралы ақпаратты және бар болған жағдайда мемлекеттік немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аудармалары бар осы оқу орнындағы ағымдағы үлгерімнің орташа балын көрсететін белгіленген үлгідегі анықтама (Тізімге енгізілген шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында академиялық оқуда оқитын адамдар үшін);
  • тізімге енгізілген шетелдік жетекші жоғары оқу орнымен келісілген және мемлекеттік немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аудармасы бар, философия докторы (PhD), бейін бойынша доктор дәрежесін алу үшін  осы жетекші шетелдік жоғары оқу орны белгілеген мерзімнен аспайтын жеке оқу жоспары;

Тағылымдамадан өтуге үміткерлер:          

  • жұмыс орнын сақтау шартымен маман даярлауға жұмыс берушінің өтінімі;
  • жеке куәлік және төлқұжат;
  • қосымшасы бар бакалавр немесе маман дипломы, шетелдің білім беру ұйымында оқыған жағдайда білімі туралы құжатты тану және/немесе нострификациялау туралы куәлік немесе Білім туралы заңның 39-бабы 8-тармағында бекітілген ерекшеліктерді ескере отырып, білімі туралы құжатты тану туралы басқа құжат;
  • еңбек қызметін растайтын құжаттар және осы Қағидалар бойынша еңбек қызметінің талап етілетін кезеңіне сәйкес аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы үзінді көшірме;
  • тағылымдамаға қабылдаушы шетелдік ұйымның тағылымдамадан өту үшін тиіс нәтижесі бар талабы болған жағдайда және визаны ресімдеу қажет болған кезде шет тілінен емтихан тапсырғаны туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификат;
  • мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны туралы белгіленген үлгідегі жарамды ресми сертификат;
  • шетелге шығатын тұлғалар үшін 082 үлгісі бойынша денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама;
  • тағылымдамаға қабылдаушы шетелдік ұйымның атынан тағылымдама өту мерзімі, құны көрсетілген (есеп-айрысулар толық жазылған), мемлекеттік немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аудармасы бар шартсыз шақыртуын растайтын құжат (қаржылық шарттарды қоспағанда);
  • жұмыс органы бекіткен талаптарға сәйкес құрылған және тағылымдамаға жіберуші әрі қабылдаушы  ұйым бекіткен тағылымдамадан өту бағдарламасы.

4. Электрондық үкімет порталы арқылы құжаттарды қалай тапсырады?

"Болашақ" бағдарламасына Электрондық үкімет порталы (Egov.kz) арқылы құжатты мына алгоритм бойынша тапсыруға болады:

Басты бет → Азаматтарға → Білім → Жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім → "Болашақ" халықаралық стипендиясы... → Онлайн сұрау жасау. Осыдан соң қажет құжаттарды тіркейсіз.

5. Бағдарлама турлары қалай өтеді? I тур

Биылдан бастап "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін конкурстық іріктеу онлайн режимінде өтеді. Онлайн платформада үміткерге арнап жеке кабинет құрылады. Онда үміткер бағдарлама мен іріктеу рәсімі туралы барлық хабарламаны бақылай алады, сонымен қатар жоспарланған іріктеу турларынан өтіп, нәтижесін біле алады.

Конкурстық іріктеудің I туры - кешенді тестілеу

Бұл кезеңде үміткерлер мыналарды өтеді:

–  қысқа мерзімде жаңа ақпаратты талдау қабілетінің деңгейін анықтауға бағытталған вербал және цифрлық ақпаратты талдауға арналған тестілер;

– үміткердің жеке-іскерлік қасиеттері және үміткердің шетелде оқуға психологиялық дайындығы туралы ақпаратты құрылымдық түрде жинауға мүмкіндік беретін жеке сауалнама. Тиімді қарым-қатынас жасауға және қиындықтармен эмоционалдық жағынан күресе отырып, жаңа ортаға бейімделуге, шешім қабылдауға және ойына алған мақсатын іске асыруға мүмкіндік беретін құзыреттерді көрсететін әлеует қалыптастыру.

  • Тестілеудің алдында уақыт мөлшері белгіленбеген мысал сұрақтарға жауап беруге мүмкіндігіңіз болады.
  • Тест тапсыру кезінде үзіліс жасауға тыйым салынады. Сіз осы тестілердің арасында үзіліс жасауды жоспарлай аласыз, бірақ тестіні тапсырып жатқанда үзіліс алуға болмайды.
  • Кешенді тестілеуді цифрлық немесе вербал тестілерді тапсырудан бастауды ұсынамыз, өйткені оларға көбірек уақыт пен назар аудару қажет.
  • Стандарт калькулятор, қаламсап пен қағаз қолдана аласыз. Смартфондарда, гаджеттерде және басқа байланыс құрылғыларында орнатылған калькуляторды қолдануға тыйым салынады. Тестілеуден қайта өтуге болмайды.

Дайындық және өту шарттары:

Тестілер мен сауалнамалардан өтуге дайындық қажет емес, өйткені бұл кез келген саладағы білімді тексеруге арналған сынақ емес. Арнайы уақыт бөлу, орынжайды дайындау қажет және сізді ештеңе (шу, гаджеттер, теледидар, басқа адамдар) алаңдатпауға тиіс.

Бұл кезеңде нәтижелерге іріктеу жүргізілмейді. Бұл жерде Тәуелсіз сараптамалық комиссиясы ескеретін үміткерлердің жеке ресурстары мен әлеуеті туралы ақпарат алуға болады.

МАҢЫЗДЫ!

  • Кешенді тестілеуде аудио және бейнежазба жүргізіледі;
  • Браузер (сайт) терезесі жабылылып қалған жағдайда, іріктеу кезеңінің нәтижелері автоматты түрде жойылады;
  • Сайт қалташалары (вкладка) жабылып қалса, іріктеу кезеңінің нәтижелері автоматты түрде жойылады, сайт қалташалры ашық болуы керек;
  • Тест түрлерінің бірін тапсыра бастаған болсаңыз, соңына дейін өтуіңіз қажет. Бұл рет бұзылса, іріктеу кезеңінің нәтижелері автоматты түрде жойылады.

6. Бағдарлама турлары қалай өтеді? II тур

Конкурстық іріктеудің II туры – Тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен (ТСК) аноним жеке әңгімелесу   

Бұл кезеңде үміткердің кәсіби дайындық деңгейі, теориялық білімі және таңдалған мамандану саласында кәсіби құзыретінің болуы анықталады.

Үміткерге төрт блок бойынша мемлекеттік, орыс немесе болжамды оқу тілінде төмендегілерді анықтау мақсатында сұрақтар қойылады:

  • үміткердің кәсіби дайындық деңгейі (практикалық дағдылар);
  • таңдаған оқу мамандығы бойынша базалық білім деңгейі (теориялық дағдылар);
  • мамандықты дұрыс таңдағанын түсіну деңгейі және дәлелдеу;
  • жағдаяттық есептерді шешу дағдылары.

 Әңгімелесуге қалай дайындалу керек?

Кешенді тестілеуден өткеннен кейін үміткердің жеке кабинетінде сіздің мамандық бағытыңыз бойынша әңгімелесуден өту күні мен уақытын таңдау мүмкіндігі пайда болады (мамандық бағытын мамандық тізбесі бойынша анықтай аласыз).

Күндер бойынша орындар саны шектеулі, белгіленген уақытты қайта қарауға құқыңыз жоқ. Уақыт айырмашылығын да ескерген жөн. Әңгімелесу уақыты Нұр-Сұлтан уақытына сәйкес көрсетіледі.

Турдан өту үшін мыналарға назар аудару керек:

  • әңгімелесу туры өтетін жүйеге кіру, жеке кабинетте көрсетілген әңгімелесу уақытына 20 минут қалғанда әңгімелесуге дайын болу;
  • әңгімелесу онлайн режимде өтеді және аудио/бейнежазба жүргізіледі;
  • іріктеудің осы кезеңінен қайта өтуге рұқсат берілмейді;
  • бұзушылықтар анықталған жағдайда іріктеу нәтижелері жойылады.

Өзіңіздің сыртқы келбетіңізге назар аударыңыз. Жақсы әсер қалдыру үшін ұқыпты көрінуге тырысыңыз. Киіну әдебіңіз іскерлік стильде болғаны дұрыс. Іскерлік стильдің ерекшелігі – жұмыс мәнерін, іске байыпты қарайтыныңызды білдіріп, сізге деген құрметті арттырады.

Мобильді әдеп телефоныңыз бен басқа құрылғыларыңыз айналадағыларға кедергі келтірмеуін талап етеді. Әңгімелесу кезінде соғылған кездейсоқ қоңырау сұхбаттасушыңызға немесе өзіңіздің ой толғауыңызға кедергі жасауы мүмкін.

 Әңгімелесу күні сізді не күтіп тұр?

Бірінші кезекте, әңгімелесу алдында қобалжып, бірдеңені асыға жаттаудың қажеті жоқ.

Сұрақтардың легі бойынша дайындалу ТСК мүшелері алдында өзіңіздің біліміңізді, дағдыларыңыз бен білігіңізді, таңдаған мамандығыңыз бойынша қабілетіңізді көрсетуге көмектеседі.

Болжалды оқу бағдарламасы, шетелдік ЖОО және оқу елі туралы сұрақтарға ауылдық жерден магистратураға үміткер ретінде конкурсқа қатысатын үміткерлерге де дайындалу МАҢЫЗДЫ. Әңгімелесу барысында ұсынылған оқу бағдарламасын оқып-үйренуіңіз білім беру мәселесіне шынайы кіріскеніңізді көрсетеді.

Өзіңіз оқуға түскелі жатқан оқу елі туралы көбірек ақпарат жинаңыз. Шетелдің жоғары оқу орындарының ресми сайттарында оқу елі, үміткерге қойылатын талаптар туралы бүкіл ақпарат болады, сонымен қатар таңдаған факультет/мектептің ғылыми-оқытушылық құрамы туралы да ақпарат болуы мүмкін. Жоғары оқу орындарының академиялық, пәндік немесе өңірлік бағыттар бойынша халықаралық рейтінгісін білгеніңіз артық етпейді.

Әңгімелесу барысында қойылатын сұрақтардың барлығын білу мүмкін емес. Бірақ кез келген адамның өзіне қойылуы мүмкін сұрақтарға болжам жасай отырып, оған жауап дайындауға күші жеткілікті. Үміткер берген жауаптар үкіметаралық келісімдер шеңберінде үміткердің шетелдің жоғары оқу орнында оқуға лайық екеніне ТСК мүшелері сенетіндей болуға тиіс.

7. Бағдарлама турлары қалай өтеді? III тур

Тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен өткен әңгімелесуден кейін түпкілікті шешім қабылдау үшін үміткерлердің материалдары Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның қарауына жіберіледі.

Республикалық комиссия отырысының хаттамасы 10 күннің ішінде Қоғамға келіп түседі және 1 күн өткеннен кейін конкурс жеңімпаздарының тізімі Қоғамның ресми сайтында жарияланады.

Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешімді қабылдағаннан кейін, стипендиат не оның сенімді тұлғасы стипендия тағайындалған күннен бастап күнтізбелік 90 күн ішінде "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ Заң қызметі департаментіне хабарласып, осы орталықпен оқуды ұйымдастыру туралы шарт және кепіл шартын жасасуы қажет. Шарттарды мерзімінде жасаспаған жағдайда, стипендиат "Болашақ" халықаралық стипендиясының иегері мәртебесінен айрылады. Шарт жасасу рәсімі туралы толық ақпарат Шарттар бөлімінде орналастырылған.

Магистратураға түсетіндерге арналған шарттар мына жерде.

PHD-докторантураға түсетіндерге арналған шарттар мына жерде.

Резидентураға түсетіндерге арналған шарттар мына жерде.

Тағылымдамадан өтетіндерге арналған шарттар мына жерде.

Мүлік кепілін ауыстырғысы келетіндерге арналған шарттар мына жерде.

Қосымша келісімшарт жасау қажет болса, мына сілтемені басыңыз.

8. Іріктеуден өтуге қатысты ұсыныстар

Материалдық-техникалық қамтамасыз ету:

Үміткерге веб-камера, микрофон және Chrome браузері орнатылған  жеке компьютер қажет. Жеке кабинетке кіру үшін басқа электрон құрылғыларды (смартфондар, планшеттер және басқа гаджеттер) пайдалануға болмайды,  әсіресе тестілеу және сұхбаттасу кезінде қолдануға рұқсат етілмейді. Көптеген компьютерде веб-камера мен микрофон орнатылған, бірақ сыртқы камера мен микрофонды да қосуға болады.

Safari, Internet Explorer, Mozilla және басқа да браузерлерді пайдаланбау керек, өйткені олар қажет форматты көрсетпейді. Тек Chrome браузерін пайдаланған жөн.

Көрсетілген құрылғылардың жұмыс істеп тұрғанына алдын-ала көз жеткізген дұрыс, оған қоса интернетке қосылу жылдамдығы кем дегенде 5 Мбит/сек болуы қажет.

Жұмыс орнында желілік интернетті пайдаланбаған жөн, себебі үміткер жұмыс істейтін ұйымдағы ақпараттық қауіпсіздік қызметі сервистерді бұғаттап тастауы мүмкін.

Үміткерлерге:

Сауалнама деректерін толтыру кезінде үміткер көрсеткен байланыс телефондарының, электрон пошта мекенжайларының дұрыс жазылғанына көз жеткізу керек. Электрон поштаға кіріс хаттар туралы хабарламаны қосу да ұсынылады.

Үміткердің электрон поштасына жеке кабинетке кіруге арналған логин мен уақытша құпия сөзі бар хабарлама келеді.

Үміткерге:

1) құпия сөзді дереу өзгерту;

2) жеке кабинетпен танысу қажет.

Платформада сұрақтар туындаған жағдайда техникалық қолдауға хабарласуға болады.

Үміткердің электрон поштасына, телефонына және жеке кабинетіне турдың ашылғаны туралы хабарлама тур өтетін күннен күнтізбелік 5 күн бұрын келеді.

9. Бағдарламаға 2020 жылы енгізілген 10 өзгеріс

Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов бағдарламаға енген 10 өзгеріс туралы айтты. Олар мыналар:

БІРІНШІ.  Басым мамандықтар тізімі енді еңбек нарығына болжам жасай отырып белгіленеді. Оқыту бағыттары бойынша орындардың максимал санын анықтау көптеген стипендиатқа инженерлік, медициналық мамандықтар мен IT технологиялар бойынша оқуға мүмкіндік береді. Ал әлеуметтік және гуманитар ғылымдарға бөлінетін стипендия саны шектеледі.

ЕКІНШІ. Үміткер әуелі оқудың басым бағыты бойынша танымал шетел университетіне түсіп, одан сөзсіз шақыру алуы керек. Бұл үміткердің осы ЖОО талаптарына конкурстан кейін емес, оған дейін сай болуы үшін керек.

ҮШІНШІ. Университеттерге қойылатын талап та артты. Енді "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқуға ұсынылған университеттер тізіміне ену үшін үміткер таңдаған ЖОО U.S. News Best Global University Ranking (Global Score) рейтингі бойынша кемінде 65 балл алуға тиіс және ARWU, THE, QS, U.S News, ЭЫДҰ-ның алғашқы елуіне енуі керек. Нәтижесінде, бұл тізімге 2020 жылы 121 университет енді, ал 2019 жылы олардың саны 537 болған еді.

ТӨРТІНШІ. Тағылымдамаға қатысты көзқарас өзгерді. Енді тағылымдамадан өту үшін университеттерге ғана емес, жетекші ғылыми орталықтар мен зертханаларға баруға болады. Ғалымдарға шетел ғалымдармен бірлескен зерттеулер жүргізу үшін жеке стипендиялар қарастырылған.

БЕСІНШІ. Шетел университеттерінен сөзсіз шақыру алған талапкерлерден GPA талап етілмейді. Егер үміткер шетел университетінің GPA талаптарына сәйкес келсе, онда оған іріктеу кезінде GPA-ін бөлек растаудың қажеті жоқ.

АЛТЫНШЫ. Үміткер бұрынғыдай алты турдан емес, үш турдан өтеді. Үміткер құжаттарды қабылдаудан бастап стипендия тағайындауға дейінгі барлық процестің нәтижесін автоматтандырылған жүйе арқылы жеке кабинетінде бақылай алады.

ЖЕТІНШІ. Енді Халықаралық бағдарламалар орталығында шет тілінен тест тапсырудың қажеті жоқ. Шетелдік ЖОО-ға түсу кезінде үміткер IETLS, TOEFL және тағы басқа сертификатталған куәлігін ұсынады. ҚазТест сертификаты мемлекеттік тілді білетіндігін растайды. Нәтижесінде бағдардама бюджеті үнемделеді (жылына шамамен 7 миллион теңге) және тестіні кез келген уақытта тапсыруға болады.

СЕГІЗІНШІ. Тәуелсіз сараптама комиссиясы жұмысының жаңа ережесі енгізіліп жаты: мүшелер саны үш адамнан бес адамға көбейді. Үміткерді іріктеудің жаңа өлшемдері енгізілуде, бұл іріктеу сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Үміткерлермен сұқбат Президент кадр резервіне іріктеу үлгісі бойынша автоматты жүйе арқылы жүреді.

ТОҒЫЗЫНШЫ. Енді шетелде оқу үшін тіл дайындығынан өту мүмкіндігін тек ауылды аймақтардағы үміткерлер пайдалана алады. Оған қоса, олар тіл курсынан тек Қазақстанда өтеді. Ағылшын тілін білу деңгейіне қатысты талап күшейеді. Кезінде ағылшын тіліне қатысты талаптың төмен болуына байланысты стипендиясынан айрылып қалған болашақтықтар көп болды. Мысалы, 2005 жылы 7 адам стипендиядан айрылса, 2014 жылы олардың саны 58 болған.

ОНЫНШЫ. Барлық квота санаттары жойылды (мемлекеттік қызметкерлер, инженерлер мен техникалық қызметкерлер, ғылыми-педагогикалық қызметкерлер, БАҚ қызметкерлері, мәдениет және өнер саласы қызметкерлері). Кейінгі 3 жылда квота бойынша оқуға түсетіндердің саны барлық стипендиат санының 32%-іне тең болған. Демек, конкурс, шын мәнінде, квота алмағандар арасында болды деген сөз. Енді барлық үміткер конкурста бірдей бастапқы мүмкіндікке ие.

0 пікір
Мұрағат