Біздің зауытта қызметкерлерді үлкен қажылыққа жіберу дәстүрге айналған - зауыт қызметкері
Біздің зауытта қызметкерлерді  үлкен қажылыққа жіберу дәстүрге айналған - зауыт қызметкері
8 жыл бұрын 4279 Жансая Тәуекелқызы

Оңтүстік Қазақстан облысындағы алып зауыт басшылығы зейнет жасына жеткен қызметкерлерін бес парыздың бірі – қажылыққа барып, Алла алдында құлшылық жасауына мүмкін жасап отыр. Одан өзге де материалдық қолдауды үйіп-төгіп келеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. 

Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласындағы трансформатор зауытында мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың басым көпшілігі – жастар. Ал аға буын өкілдері жас ұрпаққа көрген-білгенін үйретуден шаршамайды. Зауыт қызметкерлерінің бірқатары 120 отбасының ұрпақтары.
70 жастағы Қазыбек Бәкірұлының бұл зауытта еңбек етіп келе жатқанына 44 жыл болған. Әйелі де осы мекемеде еңбек еткен, бүгінде зейнет жасына шыққан жары үй шаруасымен айналысады. Ал өзі жұмыстан қол үзсем, уақыт өтпей кетеді дейді. Бүгінде қарияның қызы мен немересі, күйеу баласы өзінің әріптестері. Ал ұлы кезінде осы зауытта нәпақа тауып, отбасылық жағдайына байланысты өзге қалаға қоныс аударған.

«Зейнеткер атансам да жұмысымды жасам жатырмын. Шынымды айтсам, бұл жерден кеткім келмейді. Жұмыс жасамасаң, үйде бос жатасың. Ал мұнда қызық, қимыл-қозғалыс бар, ауыруға уақыт жоқ. Жас буын құрмет көрсетіп, сыйлап отырады. Жастармен бірге жүріп, өзіңді де жас сезінесің ғой. Жұмысым ауыр емес, инженер-конструктор болып істеймін. Білгенімді үйретуден шаршаған емеспін»,-деді қария.

Өндіріс орнының басшылығы зейнет жасына шыққан қызметкерлерінің Меккеге қажылыққа барып келуіне демеушілік етіп келеді. Яғни, кететін шығынның 50 пайызын зауыт өз мойнына алған. Мұнда жылына кемінде екі қызметкер Алла алдындағы парызын өтейді. Қазіргі таңда он жұмысшы қажы атанған.

«Осыдан жеті жыл бұрын зейнет жасына шықтым. Сол кезде басшылық «Қажылыққа барып келіңіз» деп ұсыныс айтты. Шығынның жартысын өз мойындарына алды. Алла нәсіп етіп қажылықта болып келдім. Біздің зауытта қызметкерлерді үлкен қажылыққа жіберу дәстүрге айналған»,- деп сөзін жалғады қызметкер.

Зауыт қызметкері Әдірәшид Шәмшиев те зейнет жасында. Жуырда ғана зейнеткер атанған оның да екі ұлы аталған зауытқа еншілес компанияда еңбек етеді. Еңбегінің бейнетін көріп отырған Әбдірәшид Шәмшиев те жұмыстан әзірге кеткім келмейді дейді. Оның себебі де жоқ емес. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған соң ғана демалысқа уақыт болады дегенді алға тартқан қызметкер қазіргі таңда басшылықтың кеңесшісі болып қызмет етеді.

Өмірге бала әкелген әрбір әйелге 150 мың теңге береді. Ал қызмет барысында жүріп бір-бірін тапқан жас жұбайларға 500 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық тарту етіледі. Кейде қызметкерлер «Осында шаңырақ көтеріп, бала тауып, осы жерден зейнетке шыққанға не жетсін? Тіпті мемлекет бермейтін көмек аламыз ғой» деп өзара қалжыңдасады екен.

«Зауытымыз қай қалаға көшсе, біз де сонда баруға дайынбыз. Үйреніп қалған жеріміз ғой. Қаншама адам осында нәпақа тауып, бала-шағасын асырап отыр. Өзім е зауыт қонысын аударатын болса, жасымның келгеніне қарамастан сонда баруға әзірмін»,-деді зейнеткер-қажы Қазыбек Бәкірұлы.

Елімізге танымал алпауыт мекемелер «Қазақстан теміржолы», ҚазМұнайГаз» және тағы басқалары Кентау трансформатор зауыты өндірген өнімдердің тұрақты тапсырыс берушісі. Ресей, Қырғызстан, Ауғанстан, Өзбекстан секілді елдерге де өнімдер жөнелтіледі. Мұнда маман тапшылығы жоқ деуге болады. Себебі зауыт жанынан ашылған политехникалық колледж жас мамандарды оқытып келеді. Аталған оқу орнын тәмамдаған түлек толықтай жұмыспен қамтылады.

Кентау трансформатор зауыты «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған байқауда үздік шығып, «Ұлы дала бренді» номинациясын жеңіп алған. Одан өзге зауыт «Парыз» мемлекеттік сыйлығының иегері екенін айту керек.

0 пікір
Мұрағат