Біздің студент әлемдік қыздар арасындағы Құран жарысында екінші турға өтті
|
Қазір Бірікке Араб Әмірліктерінде қыздар арасында алғаш рет халықаралық деңгейде қасиетті Құран хафиздарының жарысы өтуде. Дубай қаласына Алланың кәламын бастан-аяқ жаттаған әлемнің 74 мемлекетінен нәзік жандар жиналды. Қазақстан атынан Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің 2-курс студенті Гүлзар Тұрғанжан да еліміздің намысын қорғауда. Іріктеуден мүдірмей өткен Гүлзар екінші турда да бақ сынады. Күніне 7 қыздан сынға түскен қыздардың Қасиетті Құранды жатқа білуі, тәжуид қырағаты жан-жақты таразылануда.
- Жарыс оңай емес. Тікелей эфир арқылы көрсетіліп жатқан бәйгеде өте мықты Құран қариларының бар екенін аңғаруға болады,-деді Гүлзармен хабарласқанымызда.
Біз де елден жырақта қасиетті Құранды жадына жаттап, жүрегіне сақтаған студентімізге сәттілік тілейміз. Қарашаның 6-да басталған халықаралық бәйге жеңімпаздары ертең, қасиетті жұмада белгілі болмақ. Гүлзар Тұрғанжан өткен мамыр айында «Нұр-Мүбарак» университетінде елімізде өткен тұңғыш қыздар арасындағы Республикалық Құран қариларының жарысында жүлделі орынға ие болғанын еске сала кетейік.