Биыл Қазақстанда 18 млн түп ағаш отырғызылады
|
«Байтақ-болашақ» экологиялық альянсы осы жылы Қазақстан бойынша 18 млн көшет отырғызады. Бұл туралы аталған ұйымның баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Хабарламада атап өтілгеніндей, Қазақстан жер көлемі жағынан әлем бойынша 9-шы орында тұр, алайда ормандарда ағаш аз. Ағаштың 68 түрі ғана бар, бұл небары 1,2%-ды құрайды, жабайы бұталар мен сексеуіл ағаштарын қосқанда, 4,2%.
«Бұл климат пен ауаға, адам денсаулығына теріс ықпал етеді. Қазақстанның 58%-ы шөл, жартылай шөл дала, 10 пайызы тау», - дейді альянс өкілдері.
«Біз «Байтақ-болашақ» экологиялық альянсы - әріптестерімізді қолдағымыз келеді. 18 млн көшет егу Қазақстан ормандары мен бақшаларын қолдау деген сөз. Біз ағаш егуді бастап кеттік», - деп атап өтті «Жасыл экономика» және G-Global дамыту жөніндегі коалиция басқармасының төрағасы Салтанат Рахымбекова.
«Байтақ-болашақ» экологиялық альянсының басшысы Азаматхан Әміртаевтың айтуынша, осы жылдың соңына дейін 18 млн ағаш егіледі. Олар қазақстандықтарды елін көгалдандыру ісіне атсалысуға шақырды.