Биыл оқу гранттары конкурсына қатысқандардың 80 пайызы қазақ тілінде оқуға ниетті
|
Биыл оқу гранттарын алу конкурсына 59 677 адам қатысуда. Бұл туралы Астана Білім гранттарын бөлу жөніндегі республикалық конкурстық комиссияның отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті.
«Ағымдық жылғы оқу гранттарын алу конкурсына 59 677 адам қатысуда, олардың ішінде 47 342-сі - қазақ тілінде білім алуға (80 пайызға жуығы), 12 335 талапкер орыс тілінде оқуға тапсырды», - деді министр.
Бұдан кейін Е. Сағадиев «Мәңгілік ел жастары - индустрияға!» жобасы аясындағы квота бойынша өткізілген конкурсқа 9 797 адам қатысып отырғандығын жеткізді.
Оның сөзіне қарағанда, жалпы конкурстарға қатысушылар арасында 2 208 «Алтын белгі» иегерлері; 303 колледж түлектері; 169 халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары; 854 халықаралық және республикалық ғылыми жарыстардың жеңімпаздары, 948 халықаралықжәне республикалық спорттық жарыстардың жеңімпаздары; 9 Президенттік олимпиаданың жеңімпаздарыы қамтылған. Олар грантты алуда басымдыққа ие болып отыр.
Министрдің айтуынша, конкурсқа І, ІІ топ мүгедектігі бар 363 адам, Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ қазақ ұлты өкілдерінен қамтылған 1 053 адам, сондай-ақ 492 ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар мен жетім балалар қатысуда. Бұл адамдарға квоталар белгіленген.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 31 702 грант бөлінді,оның ішінде 2 950 орын жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдерінде оқуға, 28 752 грант 1 курсқа қабылдауға қарастырылды.
Айта кетейік, ағымдағы жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудегі орташа балл - 81,2 балл.