Біріккен Араб Әмірліктері Қостанай облысындағы орманды қалпына келтіруге $1 млн бөлді
Біріккен Араб Әмірліктері Қостанай облысындағы орманды қалпына келтіруге $1 млн бөлді
2 жыл бұрын 1267

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында «Әл-Бахр» сарайында БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесті. Бұл туралы ҚазАқпарат Үкіметтің ресми сайты хабарлайды.

Премьер-Министр биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толып отырғанын атап өтті.

Оның айтуынша, осы уақыт ішінде дипломатиялық қатынастар стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді.

«Біз өзара қызығушылық тудыратын экономиканың барлық салаларында кең ауқымды ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниеттіміз. Сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктеріне Қазақстанның халықаралық бастамаларын әрдайым тұрақты түрде қолдап отырғаны үшін алғыс айтамыз», — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр соңғы жылдары түрлі салалардағы бірлескен жобалар санының өсуі байқалып отырғанын айтты.

«Инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі арттыру және тереңдету үшін айтарлықтай әлеует бар. Үкімет инвесторларға олардың бастамаларын іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге әзір. Жақын арада біз жаңа бірлескен жобаларды іске қосамыз деп үміттенемін», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар, Премьер-Министр БАӘ Президентіне Қостанай облысындағы орманды қалпына келтіру жұмыстарына $1 млн көлемінде көмек көрсеткені үшін алғыс айтты.

Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерін ерекше достық қатынастар байланыстыратынын атап өтті.

«Мен екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыттарын толық қолдаймын», — деп атап өткен БАӘ Президенті Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ыстық ықыласы мен шынайы тілегін жеткізді.

0 пікір
Мұрағат