Бір тал ағашты заңсыз кескен адам 100 түп отырғызуға міндеттеледі
Бір тал ағашты заңсыз кескен адам 100 түп отырғызуға міндеттеледі
5 жыл бұрын 4095 Алма Мұқанова

Алматы қалалық жасыл экономика басқармасының басшысы Ержан Сейтенов «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар аясында жасыл қорды дамыту перспективалары туралы айып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған Заңға бірқатар жаңа ережелер енгізілді:

– Ағаштарды санитарлық кесу, жасарту Алматы әкімдігінің келісімімен ғана жүргізіледі;

- Әкімдіктің рұқсатымен санитарлық жолмен немесе әдейі кесілген ағаштардың орнына жасыл желек қайта отырғызылады, магистральды көшелердің бойына діңгегі 20-25 см болатын жапырақты ағаш түрлері отырғызылады, қылқан жапырақты ағаштардың биіктігі - кем дегенде 2,5 метр (І немесе ІІ сыныпты сапа) болуы тиіс;

– Кесілген ағаш шығынын өтеудің әдісі жасалды, соның арқасында келтірілген залалдың нақты бағасы анықталады;

– Ағаш апатты жағдайда кесілсе, оның орнына бір ағаш отырғызылады, егер заңсыз алынса, онда бір ағаштың орнына 100 түп отырғызылады;

– Жасыл желектің кепіл мерзімі – 3 жыл;

– Жауапты мекеме ортақ қолданыстағы жерлердегі жасыл желекті көктемгі-жазғы және жазғы-күзгі мезгілдерде зиянкестерден, түрлі аурулардан қорғау үшін залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуі тиіс.

«Бізде Алматы қаласының жасыл желегін күтіп ұстау мен қорғаудың жеке ережелерін әзірлеу және бекіту мүмкіндігі пайда болды. Бұған дейін басқарма қаланың жасыл қорының дамуы мен сақталуына кедергі келтіретін түрлі мәселелермен бетпе-бет келген болатын. Елді мекендер аумағында өсетін жасыл желектерді күтіп ұстау және қорғау мәселелерін реттейтін стандарттардың, регламенттердің, нұсқаулықтардың, әдістемелік ұсынымдардың болмауы, рұқсат беру құжатынсыз ағаштарды кесу үшін өтемдік отырғызу бойынша нормалардың болмауы - мегаполистің жасыл қорының жойылуын жеделдететін себептердің бірі еді», - дейді Ержан Сейтенов.

Басқарма басшысының айтуынша, жаңа ереже жобасы жұртшылықтың талқылауына шығарылады, белсенді қала тұрғындары қатысып, өз ұсыныстарын енгізе алады.

«Барлық мүдделі мекеме және ұйымдармен келісілгеннен кейін жасыл желекті күтіп ұстау мен қорғаудың жаңа ережелері қалалық мәслихатқа бекітуге жіберіледі», - деп қорытындылады Е. Сейтенов.

0 пікір
Мұрағат