Бір айда қанша қазақстандық жаңа көлік мінеді?
|
Дағдарысқа қарамастан қазақстандықтар елімізде құрастырылған отандық жеңіл көліктерді белсенді сатып алуда.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «ҚазАвтоӨнеркәсіп» Қазақстанның автомобиль саласы кәсіпорындарының одағы басқармасының төрағасы Олег Алферов мәлім етті.
«Қазақстандықтар ай сайын 3200-3500, ал тоқсан сайын шамамен 10 мың жаңа жеңіл автомобиль сатып алады. Біз мұның қандай да бір тұрақты сан екенін байқап отырмыз. Соның арқасында отандық автомобиль өнеркәсібі өзінің қайта қалпына келу қозғалысын өрлете түсер деген үмітіміз бар. Мұның ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында орын алуы мүмкін екендігін де жоққа шығаруға болмайды», - деді ол.
Оның атап өтуінше, елімізде құралған көліктердің ақау шығуына байланысты кері қайтарылғандары жоқ десек те болады. Болған күннің өзінде олардың саны саусақпен санарлық қана.
«Бұл отандық автозауыттардағы өндіріс процесі сапасына бақылаудың жоғары дәрежесімен қатар шығарылатын көлік санының шағындығымен де байланысты. Аталған жайт отандық автомобиль өндірісіне тән. Естеріңізге сала кетсек, дағдарысқа дейінгі шырқау шегіміз жылына 40 мың автомобильді құраған еді», - деді Алферов.
Сонымен қатар, ол бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қазақстандық автомобиль брендін құру мәселесіне қатысты да сауалдарына жауап берді. Оның айтуынша, бұл мақсатқа жету үшін өте мол инвестициялық қаржы керек. Ал ол қаржының одан ары қайтарымының болуы да неғайбыл.
«Бұған дейін болмаған жаңа бір өнім шығару үшін кемінде 800 мың немесе 1 миллион доллар, ал кейде 1 млрд. доллар қаржы бірегей тұғырнама құру үшін қажет болады. Бұл талап етілетін инвестиция көлемі. Ал ол біз үшін қолжетімсіз», - деді ол.