|
Баспанасыз жандарға үй салып беруді дәстүрге айналдырған (видео)
|
Жамбыл облысындағы Ақтоған ауылында баспанасыз жандарға үй салып беру игі дәстүрге айналған. Халқының ынтымағы жарасқан елді мекенде бүгінде осындай 7 отбасына жаңа үй салынды. Көпшілік негізінен әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға қол ұшын береді. Гүлсім Жүндібаева осы ауылда 40 жылдан бері тұрып келеді. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген жалғызбасты ана. Қазір баласы екеуі тұрады. Ұлы бірнеше жыл бұрын жол апатына ұшырап, арбаға таңылған екен. Аталарынан қалған ескі үйлерінің қабырғасы құлап, апатты жағдайға түскен. Шарасыз жанды көрген ауылдастары бірігіп күш салып, үш бөлмелі үй тұрғызып берді. Гүлсім Жүндібаева, Ақтоған ауылының тұрғыны: - Ескі үй еді ғой. Оның үстіне бір қабырғасы құлаған. Ауыл тұрғындары малын, азық-түлігін әкеліп берді. Халықтың арқасы. Рақметтен басқа айтарым жоқ. Рауан есімді мына жігіт те осы ауылдың тұрғыны. Жастайынан еңбекқор әрі пысық болып өскен. Ата-анасының мүмкіндігі шектеулі болғандықтан үй тірлігін өз қолына алған. Ауыл тұрғындары кезінде бұл отбасына да көмек беріп, ақсақалдардың батасын алған. Рауан Тұраров, Ақтоған ауылының тұрғыны: - Асарға шақырып осы үйді тұрғыздық. Ауылға үлкен рақмет. Осы үйді тұрғызып, қазір өзіміз кішігірім жұмыстарды істеп жатырмыз. Суымды тартып, қоршауымды қойып. Ақтоған ауылында осы күнге дейін 7 үй асарлатып салыныпты. Игі бастамаға мектеп жасындағы балалардан бастап барлық көршілер атсалысады. Бірі су тасып берсе, енді бірі сылақ жүргізіп, шатырын жабады. Ал құрылыс материалдарына кеткен қаржыны ауыл кәсіпкерлері мен жомарт жандар көтереді. Олжабек Қосбаев, Ақтоған ауылдық округінің әкімі: - Негізінен тұрмысы аз қамтылған, жалғызбасты аналар. Кенеттен 6 баласы бар бір үй түгел өртеніп кетті. Оны да қайта тұрғызып бердік. Алдағы уақытта бұл әлі де жалғасын табады. Жоқ демеу керек. Ел ішінде бірлі-жарымды болып қалады. Сондай мүмкіндік болған жағдайда саламыз. Асарлатып үй салу – сауабы мол іс. «Қолдан келсе жәрдем беріп, мұқтаж жандардың алғысын алу үлкен бақыт», - дейді жергілікті жұрт.
Қаражаттың көмегінсіз тастан сарай тұрғызуға болады (видео)
Солтүстік Қазақстанда Файзулиндер отбасы тастан сарай қалауды сүйікті кәсіп көреді екен. Үй маңындағы тік жарды нығайту керек болған соң, қос шебер Әнуар мен Руслан осындай тәсіл тауыпты. Әке мен бала қиялынан туындаған ғимараттар соншалықты алып болмаса да, алыстан көз тартады. Ал оны салуға мүлдем қаржы жұмсамапты. Яғни, құрылысқа жарамсыз болып қалған материалдарды жан-жақтан жинап, соларды кәдеге жаратқан. Және аулаға бірнеше экзотикалық ағаштар мен өсімдіктер отырғызыпты. Көктем келіп, қазір олардың барлығы жайқалып, өсіп, көрік беріп тұр. Әнуар Файзулин, қала тұрғыны: - Көп жылғы тынымсыз еңбектің арқасында міне осындай сарайлар пайда болды. Бұл – балам екеуіміздің қиялымыздан туған дүние ғой. Әрине, келіп тамашалаған адамдар таңдай қағып тамсанады. Олардың бірі мұндайды Тайландта көргенмін десе, енді бірі ғаламторда кездестіргенмін, деп жатады. Ең бастысы, барлығы өзіміздің көңілімізден шығады.