Бақытбек Смағұл: Ақтөбедегі терактіні сәләфилік ағым өкілдері істегенін ашық айту керек
|
Ақтөбедегі терактқа қатысты депутаттар да өз пікірін білірді. Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл лаңкестердің әскери объектіні әдейі таңдағанын айтады. Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Толеранттылық деп төбемізге шығарып алған террористерді органдар тексеріп, тіпті мешітке бейнебақылау орнату керек деді. Ал генерал Бақытжан Ертаев полицейлер барын салды десе, мәжілістегі екінші генерал Абай Тасболатов пікір білдіруден бас тартты.
"Бұл сол өңірлердегі салафилік, вахаббилік таным өкілдерінің істеген іс -әрекеттері деп ашық айтуға тиістіміз. Қазіргі таңның өзінде батыстан қаншама жүздеген азаматтарымыз жат елде соғысып жүр. Демек олардың тамыры кеңге жайылған. Мұның барлығы қарапайым халыққа үрей туғызбас үшін оны түп-тамырымен жою керек. Біз ондай қатаңдыққа баруымыз керек. Кімнен, қайдан шықты? Оны құқық қорғау органдары түбегейлі зерттеу керек. Мешіттерде видеокамера болуы тиіс!", - деді депутат Бақытбек Смағұлов.
"Мұндайды жібермеу жалғыз құқық комитетінің парызы емес, тәртіп сақшыларының парызы емес, бәрімізге қатысты", - деді Бақытжан Ертаев.
Ал теракт кімнің қолымен жасалды, атысқа қай ұйым жауапты екені әзірге белгісіз. Ішкі істер министрі лаңкестердің кім екенін анықтадық дегенімен, жауапты органдардың сайтында күдіктілер туралы ақпарат жоқ.
Ватсап желісі арқылы тарап жатқан мына хабарламада қылмысқа қатысы болуы мүмкін 20-ға жуық азаматқа іздеу салынған. Сондай-ақ күдіктілер Ресейге шығып кетпеуі үшін Қостанай облысы қауіпсіздік шараларын күшейткен. Алайда кей үкімет мүшелері қылмыскерлердің атын атап, түрін түстеуге асықпайық деп отыр.
"Бұлар салафиттерге жатады немесе басқа ағымға жетеді деген дұрыс емес. Сондықтан өтініш сіздерге біз бір-бірімізге кедергі жасамай, құқық қорғау органдарына біз кеңінен көмектесуіміз керек. Сонда ғана біз нақты айта аламыз", - дейді Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.