Ауыл тұрғындары өз күштерімен кино түсірді (видео)
|

Қостанай облысында шалғай ауыл тұрғындары өз күштерімен кино түсірді. «Кәусарым» деп аталатын туындының негізгі кейіпкерлері – балғындар. Оқиға қызық жағдайда өрбиді: компьютер мен ұялы телефонның, әлеуметтік желінің тұтқынына айналған жасөспірім Бекжанды анасы үлкен қаладан алыс жатқан Көлқамыс ауылына әкеледі. Мұнда өз замандастарымен араласып, ойын қызығына берілген кейіпкер, шынайы өмірге тез бейімделеді. 37 минуттық қысқа метражды фильмде өлке тарихы, жануарлар әлемі, ауыл балаларының достығы, ұлттық салт-дәстүр, көрініс тапқан. Түсірілімге қажет қаражатты да тұрғындар өздері шығарған. Режиссер Жәнібек Кәкімжан тырнақалды туындысын ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен облыстың 80 жылдық мерейтойына арнап отыр. Фильм тұсаукесері облыс орталығындағы «Достық» үйінде өткізілді.
Жәнібек Кәкімжан, әуесқой режиссер:
- Шынайы өмірмен виртуалды өмірдің айырмашылығы неде, қазіргі балалардың бәрі компьютерге, телефонға, ғаламторға үңіліп кеткен. Содан шықпайды. Ауылдың өмірі қаншалықты қызық екенін, туған өлкені, нағыз табиғатты сүю керек екенін көрсету мақсатында түсірдік.




