Атыраулық оқушылар «ақылды көзілдірік» ойлап тапты
Атыраулық оқушылар «ақылды көзілдірік» ойлап тапты
1 ай бұрын 600 24.kz Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин

Олардың жобасы Jasscience-2024 байқауында үздік атанып, әлемнің ең озық 100 инновациясының қатарына енді, деп хабарлайды 24kz.

Осылайша, жас өнертапқыштар жаһанның кез келген университетінде тегін оқу мүмкіндігіне ие болды. Хайдар мен Қайырхан ойлап тапқан ақылды көзілдірік жасанды интеллект арқылы жұмыс істейді. Қолданушыға құлаққап арқылы нұсқау беріп, алдындағы кедергілер туралы ескертіп отырады. Қазір бұл көзілдіріктің 4 негізгі қызметі бар.

Хайдар Атағұлла, инновациялық лицейдің 11-сынып оқушысы: - Біріншісі, ол – ChatGPT сияқты информацияларды тартып бере алады. Екіншісі – текстті оқып бере алады. Сол үшін мысалы кітап тыңдағысы келсе, кітап оқып бере алады. Үшіншісі – объектілер таба алады. Мысалы ручка көрсе, руска деп айтады. Ал төртіншісі – аймақта не болып жатқанын айтады.

Оқушылар қазір «ақылды көзілдіріктің» екінші нұсқасын әзірлеп жатыр. Олар ыңғайлы әрі көпфункионалды құрылғыны дайындау үшін сабақтан кейінгі уақыттарын шеберханада өткізеді.

Қайырхан Лұқпанов, инновациялық лицейдің 11-сынып оқушысы: - Біз қазір өте кішкентай, кәдімгі очки сияқты екінші нұсқасын жасап бастап жатырмыз. Болашақта бәріміз білетін Apple Vision Pro секілді дизайны бәрі жақсы, үшінші нұсқасын істейміз деп отырмыз.

Хайдар мен Қайырхан ақылды көзілдірікті дайындауға былтыр кіріскен. Содан бері ұстаздарынан кеңес алып, жобаны дамытып жүр. Бұған қоса көзі нашар көретін жандармен сұхбаттасып, олардың да қалауын ескерген.

Асқар Нұркей, лицей оқытушысы: - Балалар өз жобаларын соқыр адамдармен кездесіп, көзі көрмейтін, көзі нашар көретіндермен варианттарды қарастырып, адамдармен сөйлесіп, олардан кері байланыс алып, сол жобаны дамытуға тура келді. RISE жобасы, ол – оқушылар әлемнің түкпір-түкпірінен заявка береді. Сол өтініштер арқылы олар бір уақыт аралығында комиссиялары ішінен 100 оқушыны таңдап, оларға жобасы мен оқуына ақшалай көмек көрсетеді.

Оқушылардың ынтасы жоғары. «Өнертапқыш балалардың қолынан шыққан туынды болашақта мүгедектігі бар жандардың қажетіне жарайды», - дейді ұстаздары. «Ақылды көзілдіріктің» арқасында жоба авторының бірі – Хайдар Атағұлла әлемдегі үздік жоғары оқу орнында тегін оқуға мүмкіндік алды.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин

 

0 пікір
Мұрағат