Атыраулық ардагер ана жүзінші көктемін қарсы алды (видео)
Атыраулық ардагер ана жүзінші көктемін қарсы алды (видео)
8 жыл бұрын 3389 24.kz Б.Әлирахым, А.Мәтенов

Қан майданда от кешіп, омырауын оққа тосқан қарт майдангерлер қатары жылдан-жылға сиреп барады. Ардагерлердің алды 105 жасты алқымдаса, бүгінде ең жасы 90-нан асқан ат төбеліндей аз ғана топты құрап жүр. Көпті көрген көнекөз қариялардың бірі Атырау қаласында тұрады. Биыл 100 жасқа толған Қабира Әлиқызынан тараған үрім-бұтақтың қарасы елуге таяп қалды. Қабира Әлиқызының жолдасы Төлеген Қонжанбаев 1941 жылы алғашқы лекпен соғысқа аттанған. Ел басына нәубет туған сол кезеңде елдегі белі қатпаған жас бала, қыз-келіншектер мен жұмысқа жарамды қариялар түгелдей тыл еңбегіне тартылды. Қабира әжей де «Атырау-Астрахань» теміржолын салуға жегілді. Екі аяқ, екі қолы жұмыс істемей қалғанға дейін адам төзгісіз ауыр еңбек пен бейнетті басынан өткізді. Қабира Қонжанбаева, тыл ардагері, көп балалы ана: - Киіз үйде жаттық. Жағатын отын жоқ, жердің бәрі қар. Ұш мезгіл бір ас қасықпен шекер, сылқылдаған су мен саусақтай қара нан ғана береді. Ішетін ыстық су жоқ. Мен сол жақта 4 жыл жүрдім. Одан соң да Қабира шешеміз отын дайындау, сауыншы секілді қара жұмысты зейнетке шыққанға дейін абыройлы атқарды. Ал жұбайы Төлеген үш рет ауыр жарақат алып, 1945 жылы елге оралған. Бұл кісі де екі аяқты сүйретіп, балдақпен жүргеніне қарамастан, аянбай еңбек етті. Қосағы екеуі дүниеге 7 бала әкелді. Бірақ жарақаты меңдеп, 1977 жылы ертерек көз жұмған. Қалған ауыртпашылықты тағы да жары Қабира көтерді. Сәнду Молбаева, келіні: - Шаңыраққа келін болғаныма 41 жыл болайын деп жатыр. Мен келгенде анам жап-жас келіншек еді. Қазір енді Алланың бұйырған жасын жасап, жүзге келіп жатыр. Анамыз жасында көп қиыншылықтар көріп, баларының бәрін өсіріп-өндіріп, көкеміз кетіп қалса да, соларды жеткізіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Иә, ғасыр жасаған шешей – бүгінде зейнетінің бейнетін көрген, шын мәнінде бақытты жан. Ол кісі мені шынықтырған, өмірде кездескен қиындыққа мойытпаған еңбек дейді. Нәсіпқали Қонжанбаев, кенже ұлы: - Анамыздың осы жасқа келуі еңбектің арқасы деп ойлаймын. Барлық балаларын еңбекке баулыды, оқытты-тоқытты, қазір бәрі де өздерінің жұмыстарында мамандықтары бойынша жұмыс жасап жатыр. Білім алу керек, еңбек ету керек, Қазақстанға қызмет ету керек. Еңбек және тыл ардагері, алтын құрсақты ана бүгінгі ұрпақты да бірлік пен ұйымшылдыққа шақырады. Қабира Қонжанбаева, тыл ардагері, көп балалы ана: - Айналайындар, замандарың тыныш болсын! Алла тағала өмірлеріңді ұзақ етсін! Дендерің сау болсын, замандарың тыныш болып, аман жүріңдер! Тілегіміз сол ғой. Жүзінші көктемін қарсы алған әжеміз ғұмыр бойы бес уақыт намазын қаза қылған жан емес. Бақытты ана 13 немере, 25 шөбере, 1 шөпшек пен 1 немене сүйді. Бүгінде тәрбиелеп өсірген сол ұл-қызы өзін мәпелеп бағып отыр. Адамға бұдан асқан бақыт жоқ дейді қария.

 

0 пікір
Мұрағат