Астанада дрон футболы өтті
Астанада дрон футболы өтті
2 сағат бұрын 34 24.kz Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит

Наурыз дәстүрді ғана емес, тың технологияларды да тоғыстырған думанды той өткенін хабарлады 24.kz 

Соның айқын көрінісі ретінде елордадағы сауда, ойын-сауық орталығында дрон-футбол өтті. Digital Nauryz аясындағы замануи турнирге Астана қаласының әкімдігі, «Астана Innovations» компаниясы және Қазақстанның дрон-футбол қауымдастығы мұрындық болған. Сайысқа түсушілер 12–17 жас аралығындағы оқушылар. Олар робототехника, STEM бағыттары және дрондарды басқару салаларында білім алып жүр. Осылайша болашақтың спортында 5 топ бақ сынасты. Доп орнына ұшқышсыз аппараттар қолданылады. Мақсат — дронды қарсыластың аспалы қақпасына дәл бағыттау. Ал ол оңай шаруа емес. Мұнда ептілікпен қоса инженерлік білім мен стратегиялық ойлау қабілеті де артық етпейді. Өйткені, дронды ауада қалықтатып, жоғары жылдамдықпен айла-тәсіл жасау – шын шебердің қолынан келтін іс. Осылайша ұлттық мейрам цифрлық нұсқада жаңаша сипат алды. Сондай-ақ, қонақтарға интерактивті бағдарлама ұсынылды. Наурызай мен Наурызбай атты AI-аватарлары мереке жайлы кең мәлімет берді. Робот болса келушілерді қарсы алып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Дмитрий Иванов, Қазақстанның дрон-футбол қауымдастығының өкілі: - Дрон-футбол квиддич ойынына қатты ұқсайды. Бірақ, дәстүрлі футболмен астасып жатыр. Бізде 3 минуттан 3 тайм өтеді. Алаңға әр топтан 5 ойыншыдан шығады. Көк және қызылдар деп бөлінеді. Осылайша турнир барысы бойынша үздік топты анықтаймыз.

Қарағандыда дрондар бауырсақ таратты

Қарағандының Орталық саябағында Наурызнама онкүндігі аясында дрондар тұрғындарға бауырсақ таратты. Мереке Digital Наурыз -2026 атауымен өтіп, ұлттық дәстүр мен заманауи технологияларды ұштастырды. Он күн ішінде өңірде мыңнан астам іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Бұл тұрғындарға ұлттық мәдениетті, жаңа форматта танып білуге мүмкіндік береді.

Биыл Қарағандыда Наурыз мерекесі шын мәнінде цифрлық сипат алды. Орталық саябақтың үстінде ұшып жүрген дрондар халыққа ерекше көңіл-күй сыйлады. Олар серуендеп жүргендерге бауырсақ таратты. Әсіресе, балалар үшін бұл үлкен қуаныш.  Көктен келген дәмнен ауыз тию көпшілікке ерекше әсер қалдырды.

БЛИЦ

- Өзім күтпей қалдым, аяқастынан дронмен келіп бауырсақ беріп жатыр екен. Наурыздың алдында керемет көңіл-күй сыйлады. Сол үшін рахмет көптен-көп! Ақ мол болсын деймін.

- Осындай креативті шаралар көбірек болса деймін. Міне, бүгін нағыз керемет шара өтті орталық саябақта. Мерекелік көңіл-күй осыдан-ақ сезіледі. 

Наурызнама күндері  білім беру мекемелерінде де аталып өтіліп жатыр.Әр шарада ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетіміз,өнеріміз кеңінен  насихатталады.  Мысалы, Қарағандыдағы  №16 мектепте «Бауырсақ-party» ұйымдастырылды. Оқушылар ата-аналарымен бірге бауырсақтың 30-дан астам түрін дайындаған. Қатысушылар ши бауырсақ, қызыл күрең домалақ  бауырсақ, шелпек және тәтті шай бауырсақтың  түр-түрінен дәм татты.

Адина Бейсембек, оқушы: - Шелпек, бауырсақ, ши бауырсақ, өрмелі бауырсақ, шай бауырсағы. Соның бүкілін біз өзіміз пісіргенбіз. Анамызбен, өзіміздің қолымызбен пісірдік.

Жалпы Қарағанды облысында Наурызнама аясында мыңнан астам іс-шара өтеді. Көпшілік үшін  көрмелер, концерттер және интерактивті шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Мерекенің басты мақсаты- ұлттық салт-дәстүрді , мәдениетімізді заманауи технологиялар көмегімен барынша насихаттап, тұрғындар үшін жарқын әрі жайлы атмосфера қалыптастыру.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит


 

0 пікір
Мұрағат