АСТАНАДА ДА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ДҮКЕНІ АШЫЛДЫ (ВИДЕО)
|
Астанада алғаш рет қайырымдылық дүкені ашылды. Яғни ол толықтай көмекке мұқтаждардың игілігіне жұмыс жасайды. Мысалы, дүкендегі тауар жомарт жандар әкелген киім, ойыншық, кітап және тағы басқа заттардан тұрады. Бағалары тым арзан.
Ал сатылымнан түскен қаржы ауыр науқастанған балалаларға беріледі. Кішкентай Дана үшін жай ғана мектепке барудың өзі үлкен бақыт. Өйткені, тумасынан омыртқасы ауыратын бүлдіршіннің бүгінге дейін жүріп-тұруы мұң болған. Бұған қоса, анасынан ерте айырылған жеткіншекке екі жерде жұмыс істейтін әкесі көп көңіл бөле алмайды. Кішкентай қыздың мәселесін қайырымдылық дүкенінің иесі өз қолына алды.
Нұржамал Молдажанова, «Риза» дүкенінің иесі: - Қамқорлығыма алған балалардың көбі медициналық көмекке зәру. Әсіресе өлім аузында жатқандары жүрегімді шымырлатып жібереді. Қолымнан келгенше қол ұшын беріп келем. Жалпы адамдар бір-біріне көмектесіп, мейірбандық, қамқорлық деген ұғымдарды естен шығармағаны абзал.
Нұржамал Молдажанова Астанада алғаш болып қайырымдылық дүкенін ашты. Бұнда мейірбан жандар өз заттарын әкеледі немесе арзан бағада оларды сатып алуға болады.
Марина Вишневская, қала тұрғыны: - Негізінде өте тиімді жоба. Мәселен, күйеуімнің шалбары базарда 5 мың тұрады. Ал, мына жерде мың теңге. Әрине, қалтаға салмақ салмайтын нұсқаны таңдаймыз. Сол сияқты ойыншықтарды, балалар киімін, тіпті, кітаптарды да табуға болады. Өзім де кейде осында әкеліп тұрам. Әрине, бұл саудадан қыруар пайда келмесі анық. Бірақ соның өзінде ауыс-түйістен артылған ақшаны Нұржамамал қайырымдылық қорларына аударып жүр.