Әскери және мемлекеттік қызметкерлерге діни ұстанымға байланысты үш шектеу қойылады
Әскери және мемлекеттік қызметкерлерге діни ұстанымға байланысты үш шектеу қойылады
7 жыл бұрын 4268

“Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне  діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” жаңа заң жобасына сәйкес мемлекеттік және әскери қызметшілердің діни ұстанымына қатысты тек үш шектеу ғана ұсынылып отыр.

Бұл туралы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik.

“Мемлекеттік қызметшілерге, оның ішінде әскери қызметшілерге үш шектеу ғана қойылып отыр. Біріншіден, олар өздерінің қызметтік мүмкіндіктерін діни бірлестіктердің пайдасына немесе мүддесіне пайдаланбауы керек. Екіншіден, олар басқа адамдарды діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға мәжбүрлемеу керек. Үшіншіден, мемлекеттік және әскери қызметшілер өздері діни бірлестіктердің бастамашысы немесе ресми мүшесі бола алмайды”, — деді бүгін Мәжілісте Ермекбаев жаңа заң жобасының таныстырылымында.

Оның айтуынша, өкінішке қарай, қазірде мемлекеттік қызметшілердің өз лауазымдық мүмкіндіктерін пайдаланып, қоластындағы адамдарға қысым көрсетіп, оларды діни іс-әрекетке мәжбүрлейтін жағдайлар бар екен. 

“Мұны болдырмау үшін осындай нормалар керек. Өйткені тек бүгінгі күнді емес, болашақты да ойлауымыз керек. Ең алдымен мемлекеттік қызметшілер өз мүмкіндіктерін кез келген діни бірлестіктің мүддесі үшін пайдаланбауы керек. Олар бейтарап, тек мемлекетке қызмет етуі қажет. Өздері діни бірлестіктерді құра алмайды”, — деді министр.

“Осы ғана, басқа шектеу жоқ. Олар, мысалы, демалыс уақытында мешітке немесе шіркеуге еркін бара алады, құрбан шала алады. Бірақ жұмыс уақытында емес. Ешқандай ар-ождан бостандығы бұзылмайды. Ал әскерде сарбаздар жалпы тәртіпке бағынуы керек”, — деп атап өтті Ермекбаев.

0 пікір
Мұрағат