Арал өңіріндегі ең ірі көл тартылып барады (видео)
Арал өңіріндегі ең ірі көл тартылып барады (видео)
4 жыл бұрын 3109 Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Қамбаш су айдыны жағалаудан 200-250 метрге дейін алыстап кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24». Су деңгейі бұрынғы қалпына оралмаса, экологиялық, экономикалық зардабы зор болатын түрі бар. Туризмнің төрі болған Қамбаштың тартылуына не себеп?

Қамбаш – ең әуелі ел берекесі. Өңір халқы осы айдыннан жыл сайын тонналап су маржанын сүзеді. Маңайдағы ірілі-ұсақты зауыттардың да шикізаты осы көлден алынады. 

Нұржау Ділмағанбетов, Қамыстыбас ауылдық округінің әкімі: – Суды күзден бері құймағаннан кейін, қазір өздеріңіз көріп тұрсыздар, 200-250 метрге дейін тартылып кетті. Осы тұрғанда шаң көтеріліп, кешке қарай жел осы жақтан тұрған жағдайда, мына елді мекеннің ішінде жаман иіс пайда болады. Бұл жергілікті биліктің шешетін жұмысы емес деп ойлаймын. Себебі, анау Сырдариядан су келуі керек. Мәселе сол. Ертең халықтың да көтеретіні осы мәселе, жергілікті атқарушы биліктердің көтеретіні де осы мәсәле. Бұл жағажай туризмге де сұранып тұр. Суы мөлдір, тұзы аз. Кәсіпкерлер үшін қыруар қаржыға инфрақұрылым тартылды. Пансионат та салынды. Жүздеген адам маусымдық жұмыс істеп, табыс табады. Қамбаш төңірегінде мал, құс шаруашылықтары да аз емес. Тұрғындар тартылған сумен бірге осы игіліктерден айырылып қаламыз ба деп қауіптенеді.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші: – Табиғат аясында, жазық далада маскамды кимесем де болар еді. Бірақ, мына көлдің сасыған иісінен ауыз-мұрнымды тұмшалауға тура келіп тұр. Кезінде мыңдаған адам салқын-сабатты суына шомылып, демалған бұл жағалауда қазір жайылып жүрген малдан басқа ешкімді кездестірмейміз. Қамбаштың жағдайын балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы да зерделеген. Олар суы таяздана бастаған көлдерде балық құтқару шараларын қолға алуды ұсынып отыр.

Тынысбек Барақбаев, Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы арал филиалының директоры: – Мелеративтік жұмыстарды жүргізуді ұсынып отырмыз. Яғни, оның ішінде шабақтарды құтқару, оның ішінде су жеткізу, көлдің ұлтанын тазартып, оқшауланып қалатын жағдайы бар, су алмасу режимін қалыптастыру. Қамбаш көлдер жүйесіне су Сырдариядан құяды. Қазір кім көрінген кешіп өтіп жүрген өзеннің жағдайы мәз емес. Оның үстіне, биыл аймақта 10 мыңдай гектардай күріш артық егілген. Жоғарыдағы қоймаларға түскен су мөлшері де жылдағыдан аз. Бұл тіпті Кіші Арал теңізі үшін де қауіпті.

Қайрат Жансұлтанұлы, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы: – Шардараға жазда құйылатын су азайып кетті. Сонымен күріштің өзіне әрең су жеткізіп жатыр ғой. Жаңбыр көп жауса, бізге де көп келеді. Биыл енді су аз ол жақта да. Жоғарыда Тоқтағұл, Қайраққұм, Шарбақ деген су қоймалары ғой. Соларда су көп болса, бізге қарай жіберіп тұрады. Қамбашты енді күзде толтыруға тырысамыз. Қыста, күзде көп су жібереді ғой. Энергетикалық режим деген сол. Қырғыздар жарықты өндіру үшін қыста жібереді. Сол суды біз Шардарада ұстап қаламыз да, жинап отырамыз. Мәселені шешудің бір амалы – егін шаруашылығын әртараптандыру. Күріш көлемін азайтып, оның орнына суды аз қажет ететін әрі пайдасы орасан дақылдарды егуді дәстүрге айналдыру маңызды. «Осы ұсыныстырды нақты іске асырғанда ғана мұндай экологиялық түйткілдердің түйінін тарқатуға болады», – дейді мамандар.

0 пікір
Мұрағат