Араб елдері қазақстандық жобаларға 7 миллиард доллар инвестиция салмақ
Араб елдері қазақстандық жобаларға 7 миллиард доллар инвестиция салмақ
3 ай бұрын 564 adyrna.kz inform.kz Дәулет Ізтілеу

Араб үйлестіру тобы қазақстандық жобаларға 7 миллиард доллар инвестициялауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеп. 

Астанада Ислам даму банкі, Сауд Арабиясының даму қоры, ОПЕК халықаралық даму қоры, Кувейт экономикалық даму қоры және Абу-Даби даму қоры секілді ұйымдарды біріктіретін Араб үйлестіру тобының отырысы өтті.

Кездесуге ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Ислам даму банкі тобының президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассер, Араб инвестициялық қорлары мен еліміздің мемлекеттік органдары, квазимемлекеттік компаниялардың басшылары қатысқан.

Кездесуде Араб үйлестіру тобының Қазақстандағы инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды қаржыландыруына қатысты мәселелер талқыланды. Сондай-ақ кездесуде көлік, энергетика, су ресурстары, денсаулық сақтау салаларындағы жобалар таныстырылды.

Кездесу қортындысы бойынша Араб үйлестіру тобының Қазақстан экономикасына ұзақ мерзімді тікелей инвестициялардың сомасы бастапқы кезеңде 7 млрд долларды құрайтыны айтылған. Болашақта қаржыландыру көлемін ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар су ресурстары және ирригация министрлігі мен Ислам даму банкі арасында келіссөздерге қол қойылды.

Ислам даму банкі еліміздің су шаруашылығына 1 млрд доллардан астам инвестиция құяды

KAZINFORM – Астанада араб үйлестіру тобының отырысы өтті. Оның барысында Ислам даму банкі еліміздің су шаруашылығы саласына қаржы бөлетіні белгілі болды.

«Біз бүгін араб үйлестіру тобымен жұмысты бастадық. Оның құрамына Ислам даму банкі және Парсы шығанағы елдерінің алдыңғы қатарлы инвестициялық компаниялары кіреді. Алдымен су шаруашылығын инвестициялау келісіміне қол қойылды. Биыл тасқын салдарынан бұл салаға залал келді, 2-3 жылдың ішінде су жүйесін қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз. Бұл алдағы уақытта тасқын сумен тиімді күресуге мүмкіндік береді. Ислам даму банкі бастапқыда 1 млрд-тан астам доллар қаржы құяды», - деді ҚР Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров дөңгелек үстел барысында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап беріп.

Ұлттық экономика министрінің пайымдауынша, қаржыландыру тиімді әрі ұзақмерзімді (кем дегенде 20 жыл).

«Жалпы бүгінгі кездесуде біз араб үйлестіру тобына 10 млрд доллардан астам сомаға 250 инвестициялық жобаны ұсындық. Бұл ауқымды жұмыстың басы ғана, еліміз үшін тиімді инвестиция тартамыз деп үміттенеміз», - дейді ол.

Айта кетсек, араб үйлестіру тобының отырысына Ислам даму банкінің, ОПЕК халықаралық даму қорының, Кувейт араб экономикалық даму қорының, Сауд Арабиясы даму қорының, Абу-Даби даму қорының және Катар даму қорының басшылары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

Дәулет Ізтілеу

0 пікір
Мұрағат