Ақтөбелік лаңкестің анасы ұлы туралы шындықты айтты
Ақтөбелік лаңкестің анасы ұлы туралы шындықты айтты
8 жыл бұрын 5238 alashainasy.kz kaz.365info.kz

Лаңкестік жасады деп айыпталған Арсен Таңатаровтың анасы «Диапазонға» берген сұхбатында радикалдардың ұлының басын қалай айналдырғанын ашып айтып берді.

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Риза Таңатарованың айтуынша, оның ұлы әкесіз өскен.

 



«Біз өмір бойы пәтер жалдап тұрдық. Тургенев, Шанхай, Әбілқайыр хан көшелерінде, тұрмаған жеріміз жоқ десе де болады. Тұрмысымыз төмен болды, тапшылықтың зардабын тартуындай-ақ тарттық. Жалғыз басты ана ретінде жәрдемақы алуым қажет болған, бірақ, тұрақты тіркелген жерім болмаған соң оны да ала алмадық. Содан соң мемлекетке бос жалтақтай берген қажет емес, деп шештік. Арсен 8 сынып бітірген. Содан кейін еш жерде оқымады. Себебі, жағдайымыз болмады. 14 жасынан бастап құрылыста түрлі жұмыстарда көмекші болып жұмыс істеді. Жалғыз өзі бізді асырады. Соңғы жылдары құрылыста жұмыс болмады, ол кәріз жүйелерін тазалау, қар күреу сияқты жұмыстармен де айналысты. Сосын базарда телефон сатуға шықты. Мен оған ұрланған телефондарды алмауын, құжаттарын тексеруін өтініп жүрдім. Ол маған қарсы келіп көрген емес, «сіз» деп сөйлеседі», — деді Риза Таңатарова.

Анасы Арсен намазды 18 жасынан оқи бастағанын айтты, жұма сайын «Нұрдәулет» мешітіне баратын. Соңғы уақыттарда қаланың ескі бөлігіндегі бір мешітке барып жүрді. Бірақ, анасы оның ортасында радикалдық көзқараспен адамдар болған-болмағанын білмейді.

«Арсен қызғаншақ, үйге ешкімді әкелмейтін. Сондықтан, кіммен тығыз араласқанын білмеймін. Ол қаланың әр аудандарында тұрды, сондықтан достары мен таныстары да көп болатын», — деді Таңатарова.

Оның айтуынша, Арсен Дмитрий Таңатаров пен Арман Айтуғанды танымайды, сол қырсық шалған 5 маусым күні ол табиғат аясына серуенге шығуға әзірленген.

Оған біреудің ағасы ұлды болып, шілдеханаға шақырғанын хабарлаған

«5 маусым таңертең ол әпкесі, жездесімен серуенге шығатынын, ет сатып алуға баратынын айтты. Алайда, сағат 12.30-дың кезінде оның ұялы телефоны сөндірулі болды. Оған біреудің ағасы ұлды болып, шілдеханаға шақырғанын хабарлаған. Сөйтсе алдап шақырыпты. Ұлым барған кезде одан телефонды алып қойған», — деп Арсеннің анасы сол күнді сипаттап берді.

«Сол пәтерде оларға эмоцияға әсер ететін бірдеңені суға қосып бергенге ұқсайды. Арсен жүкті әйелін, мені бұлай тастап кетуі мүмкін емес. Оның діні таза болды, сақал қоймады, шолақ балақты шалбар да киген емес», — дейді анасы.

Арсенге іздеу жарияланғанда, анасы әпкесімен бірге қала бойынша оны өздері іздеген.

Сатушылар оны танымаған, себебі, іздеуге 18 жасында түскен фотоны берген.

«Бір күні Арсен Венераға (әйелі) хабарласып, берілуге қорқатынын, олар ескертусіз оқ ататынын айтқан. Арсенде 5 маусымда ет сатып алмақшы болған ақшасы және 7-сі күні пәтерге төлейтін 30 мың теңгесі болған. Бұл ақшаға ол май құю стансасынан сникерс пен су сатып алған. Сатушылар оны танымаған, себебі іздеуге 18 жасында түскен фотоны берген, ол осы уақыт аралығында біраз өзгерген», — деді Таңатарова.

Анасының айтуынша, Арсен өзі берілген, ол үйге келді, онда оны әйелі мен полицейлер күтіп отырды.

«Венера полициядан оған оқ атпауды өтінді. Арсеннің үсті қан-қан болды, жарасын футболкамен таңып қойған. Киімнің орнына жыртылған көрпеше жамылып алған. Күре тамыры кесілген. Өз-өзіне қол жұмсамақ болған сияқты», — деп болжады Таңатарова.

Әйеліне «Паллада» дүкеніне шабуыл жасалған уақытта қатты қорыққанын айтқан. Әй-шай жоқ атып тастайды деп ойлаған. Айыпталушының анасы Арсен бой тасалап жүргенде, одан оның өмірбаяны мен қайда жасырынуы мүмкін екенін сұраған.

Мен енді ұлымды көрмейтін шығармын деп қорқамын

«Бізден жауап алғаннан кейін, сотқа не туысы, не қорғаушысы ретінде қатыса алмаймыз. Бізді куәгер ретінде жазған. Сотқа бізді кіргізбейді. Ешкіммен сөзге келгім келмейді. Өйткені, олар сот үкімінен кейін Арсенді қай түрмеге апаратынын бізге айтпай қоюлары мүмкін, мен енді ұлымды көрмейтін шығармын деп қорқамын», — деген мұңымен бөлісті Арсеннің анасы.

Келіннің қан қысымы көтеріліп жүр, босанатын уақыты келді

«Осы төрт айда ұйқы-күлкі көрмедім, келіннің қан қысымы көтеріліп жүр, босанатын уақыты келді, бірақ әлі туа алмай жүр. Біз адвокатқа ақша жинадық, бірақ Арсен одан бас тартты», — дейді анасы.

Риза Таңатарова ұлы мен басқа да айыпталушылар тиісті жазаларын алуы керектігіне келіседі. Тек Арсенді өмір бойына бас бостандығынан айырмаса екен деп тілейді.

«Жазықсыз қаза тапқан жандар үшін қынжыламын. Олардың туыстарына шын жүректен көңіл айтамын, егер осыған менің ұлымның кінәсі болса кешірім сұраймын», — деді Арсеннің анасы. 

0 пікір
Мұрағат