Ақтөбеде алғаш рет әйел адам «терроризмді насихаттағаны үшін» сотталды
Ақтөбеде алғаш рет әйел адам «терроризмді насихаттағаны үшін» сотталды
9 жыл бұрын 2900 Baq.kz kerek.info

Ақтөбенің №2 қалалық соты 32 жастағы Айнұр Құртабаеваға үкім шығарды. Екі баланың анасы діни алауыздықты қоздырып, терроризмді насихаттағаны үшін бес жылға бас бостандығынан айрылды. 

Айнұр Құртабаева – Темір ауданындағы Кеңқияқ елдімекенінің тұрғыны. Бұрын сотталмаған. Тергеу оған ҚР Қылмыстық Кодексінің 174-бабының 1-бөлігі «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша айып тақты. Бұған қоса 256-баптың 1-бөлігімен, терроризмді насихаттағаны немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақырғаны үшін күдік келтірілді. 
Мемлекеттік айыптаушы Зейін Жанғалиевтің айтуынша, ол радикалды исламды ұстанған және халықаралық «Мұсылман бауырлар ассоциясы» ұйымының көзқарасын қолдаған.
2014 жылдың шілдесі мен 2015 жылдың шілдесі аралығында Айнұр Құртабаева дін жолында жүрген ауылдастары мен ақтөбеліктерге билікке қарсы күресудің жолдарын айтып, оларды қарулы жихадқа шақырған. Яғни, қылышпен және тәнмен соғысуға үндепті. Ислам халифатын құрып, ислам әлемінің басшысын әмір етіп тағайындау керектігін айтқан көрінеді. Прокурор сотталушыны мүлкін тәркілеп, бес жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. 
Сот отырысы кезінде Айнұр Құртабаева өз кінәсін толықтай мойындап, жасаған ісіне өкінетіндігін айтты. Айтуынша, өзі 2004 жылдан бастап ислам дінін ұстанады. Алты айлық діни сауаты бар. 
«Менің арам ниетім болған жоқ. Кешірім сұраймын. Шын ниетіммен өкінемін. Алла үшін, балаларым үшін мені бостандықта қалдыруыңызды сұраймын. Менің жауым – тілім. Соның кесірінен зардап шектім. Тілім үшін түрмеде отырғым келмейді. Кешіріңіздер мені...», -деген ол сот залында көз жасына ерік берді. 
Сотталушының екі баласы бар. Әйелге қамауға алынған соң оның 7 жастағы ұлы Алға балалар үйіне жіберілген. Жасқа толмаған Хатиджа есімді сәбиі де былтыр 21 желтоқсан күні Ақтөбедегі «Үміт» сәбилер үйіне жеткізілген. Ондағылардың мәліметінше, Хатиджа Саламатқызы 2015 жылғы 21 сәуір күні туған. Сәби әлі де жетімдер үйінде. 
Сот отырысы кезінде адвокат Мұса Қуашев сотталушының кәмелет жасына толмаған 2 баласы барын ескеріп, сотталушыны бас бостандығынан айырмауын сұрады. 
«Ақтөбеде бұрын соңды әйел адам мұндай айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартылған емес. Сотталушының өзі бар айыбын мо-йындап, шын ниетімен өкініп отыр. Балалары кішкентай. Бостандыққа шығаруыңызды сұраймын», - деді адвокат.
Айнұр Құртабаеваның азаматтық некедегі күйеуі де бірнеше жыл бұрын «адам тонады» деген айыппен түрмеге қамалыпты. Анасы да «террориpмді насихаттады» деген күдікпен абақтыда отыр. Ауылдастары Айнұрдың «еті тірі, көпшіл, өнерлі қыз болғанын» айтады. 
Тағы бір мәліметтерге қарағанда, Айнұрдың дін жолына түсуіне ықпал еткен екінші жолдасы қазір Таяу Шығыс елдерінің бірінде жүр. 1 наурыз күні №2 Ақтөбе қалалық сотының судьясы Ерлан Бақытжан Айнұр Құртабаеваның мүлкін тәркілеп, 5 жылға абақтыға қамады. 
Соңғы жылдары терроризм айыбымен ондаған ақтөбеліктің істі болғанын білеміз. Бірақ бұрын соңды мұндай ауыр айып қыз-келіншектерге тағылған емес. 

0 пікір
Мұрағат