Ақтөбе облысының кәсіпкері тың әдіспен құлпынай өсіруді қолға алды (видео)
Ақтөбе облысының кәсіпкері тың әдіспен құлпынай өсіруді қолға алды (видео)
8 жыл бұрын 3392

Жылыжайда өскен құлпынай жақында саудаға шығарылады. Ақтөбе облысының Алға ауданында тұратын кәсіпкер тың әдіспен құлпынай өсіруді қолға алды. Тағы бір ауыл кәсіпкері ешкі малын көбейтіп, сүтінен сусын жасауды көздейді. Оларға мемлекеттік бағдарламалар қолдау болып отыр. Сыртта қар жауып тұр, ал жылыжай ішінде тәтті құлпынай өсіп жатыр. Кәсіпкер Темірхан Құлбасов 2013 жылы жылыжай салуды жоспарлайды. Маржанбұлақ ауылы іргесінен жер алып, айналасын қоршап, жұмысшыларға арналған үй салады. Сонан соң 200 шаршы метр жерге үлкен жылыжай тұрғызады. Қазір алғашқы өнімді жинай бастады. Темірхан Құлбасов,кәсіпкер: - Ең бірінші интернеттен қарап, қыш құмыраға өсірдік, әр құмыра қымбатқа шықты. Ағаш астауға отырғыздық, ағаш ісіп кетті, сосын осындай қапшықтарға отырғыздық, ылғал шығармайды. Кәсіпкер жобаны іске асыруға өз қаржысын жұмсаған. Мемлекеттік бағдарламаға қатысып, кешенге кіреберіс жол салғысы келеді. 2-3 жылда бұл жерде 14 жылыжай мен тосап дайындайтын цех болады. Әзірге бір отбасына жұмыс берген. Кешен толық салынып біткенде ондаған ауыл тұрғыны еңбекке тартылады. Осы ауылдағы тағы бір кәсіпкер Аллаберген Найманов ешкі малын бағып отыр. «Даму» қоры арқылы 3 млн теңге грант алып, Ресейден 30 бас ешкі әкеліпті. Аллаберген Найманов, кәсіпкер: - Жергілікті билік газ бен су өткізіп беретіндерін айтты. Оған дейін мал басын көбейтіп, сүт өңдейтін цех салғымыз келеді. Шаруашылық жанынан жылыжай салып, арпа өсіргім келеді. Мал азығын алыстан арбаламай, өзіміз дайындауды жоспарлап отырмыз. Маржанбұлақ ауылдық округінде 39 шаруа қожалығы бар. Жаңадан іс бастағандарға ауылшаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға арналған бағдарламалар бойынша жеңілдетілген несиелер берілген. Болатбек Қанғожин, Маржанбұлақ ауылдық округінің әкімі: -  «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша жалпы 18 млн теңгеге 8 адам көмек алды. Оның ішінде бір жүн өңдейтін цех салынып жатыр, бір жиһаз шығаратын цех бар. Облыс орталығына жақын шағын ауылда 26 белсенді кәсіпкер бар. Бірі наубайхана, бірі тігін шеберханасын ашып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев 

0 пікір
Мұрағат