Ақтаулық оқушылар цифрлық платформа, ал атыраулық оқушы биопластик ойлап тапты
Ақтаулық оқушылар цифрлық платформа, ал атыраулық оқушы биопластик ойлап тапты
2 сағат бұрын 33 24.kz Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин, Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов, Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин

Жасанды интеллект элементтері енгізілген жоба туристерге бағыт-бағдар көрсетуге арналған, деп хабарлады 24.kz 

Көрікті жерлер, демалыс орындары, такси және аудармашы қызметі сынды қажетті ақпараттар бір платформаға жинақталған. Жасөспірімдердің пилоттық жобасы Астанада өткен байқауда топ жарып, қомақты жүлдеге ие болды.

Цифрлық платформа «KenDala» деп аталады. Авторлары жоба арқылы кең байтақ қазақ даласының көрікті жерлерін насихаттағысы келеді. Ақпараттық платформаны жоғары сыныпта оқитын төрт оқушы бірігіп құрастырған. Дарынды жеткіншектер Маңғыстауға саяхаттап келушілерге оңтайлы сервистік қызметтің жоқтығын байқап, мәселені шешуге атсалысқан.

Әбдірахым Мұрат, жоба авторы: - Серуендеп жүрген кезде біз бір шетелдік азаматтарды көрдік. Олар далада жүрген азаматтардан Қазақстан туралы, оның туристік жерлері туралы сұрап жатты. Сол себептен мен ойладым, достарыммен бірге біз неге Қазақстанымыздың туризмін дамытпаймыз ба деп.

Азамат Жолжан, команда мүшесі: - Адамның қажеттіліктері бойынша оған белгілі бір саяхат жасап береді. Мысалы, оның ақша қаражатына байланысты, неше күн демалғысы келетініне байланысты және қай жерде болғысы келетінен байланысты нұсқаулықтарды береді. Жасанды интеллектіміз генерация жасап береді.

Туристер қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, музыкалық аспаптары туралы ақпаратпен таныса алады. Платформада қазақ ғұламаларының өмір дерегі, ұлттық киім-кешек, ас-сусын түрлері жайлы мәлімет те жазылған. Оқушылар өз жобасын жергілікті тур агенттіктерге таныстырып, гид ретінде бірлесе жұмыс істеуді жоспарлап  қойған.

Қамар Күзен, сынып жетекшісі: - Бір оқушы ІТ жағынан жауапты болса, баяндайды бір оқушы. Бірі дизайнмен жұмыс жасайды. Яғни, әр оқушының өзіндік жауапты қызметтері бар жоба барысында. Өздерінің жасаған еңбектері еленді. Нәтиже бар.

Білімпаз балалар жуырда Astana Hub алаңында өткен байқауда жеңімпаз атанды. Сайыстың қорытынды кезеңіне 10 команда өткен. Ақтаулық оқушылар инвесторлар алдында  стартап жобасын сәтті қорғап шығып, 5 мың долларға ие болды.

Талғат Исламұлы, тілші: - Жоба авторлары цифрлық платформаны жазға дейін іске қосуды жоспарлап отыр. Жетілдіруден кейінгі нұсқасын туристерге көмекші құралы ретінде бүкіл Қазақстан бойынша қолдануға болады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Атыраулық оқушы биопластик ойлап тапты

Жаңа өнім табиғи қоспалардан жасалады және қоршаған ортаға қауіпсіз.  Биопластиктің ыдырау уақыты ұзақ емес. Қазір бірнеше үлгі әзірленіп, сынақтан өткізіп жатыр.  

Асланбек Шығыр, тілші: - Қолымдағы мына пластикалық бөтелке табиғатқа жылдар бойы зиянын тигізеді. Өйткені, ыдырау уақыты жүздеген жылға созылады. Ал өртенсе, улы заттар бөлінеді. Жер бетінде күніне осындай миллиондаған бөтелке пайдаланылады. Ал оның салдары туралы көп адам ойлана бермейді. Осыны ескерген атыраулық оқушы табиғатқа зиянсыз биопластик ойлап тапқан.

Инабат Шабахова жаңа жобасын былтыр жүзеге асыра бастаған. Табиғатқа жанашар жас әуелі пластиктің зияны туралы әбден ізденген. Кейін биопластик жасап шығару туралы ойын жетекшісіне айтып, зерттеуге кірісіпті. Өнертапқыш оқушының айтуынша, биопластик бірде бір химиялық қоспасыз жасалады.

Инабат Шабахова, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы: - Пластикалық қалдықтар топырақта, суда жиналып, экологияға, адам денсаулығына орасан залал келтіреді. Осы мәселені зерделеп, жаңа өнім шығаруды қолға алдым. Биопластик крахмал, глицирин, сірке суы, агар-агар және жұмыртқа қабығы секілді табиғи заттардан жасалады. Мықты әрі төзімді етіп әзірлесе, күнделікті пластиктің орнын алмастырады деп ойлаймын. Болашақта түрлі ыдыс, пакет жасауды жоспарлап жатырмын.

Инабаттың жетекшісі Лазифа Қайратхан биопластиктің екі айда 10 процентке дейін ыдырайтынын айтады. Табиғи өнімдерден жасалғаннан кейін адам денсаулығына да зиянсыз.

«Ал қазіргі пластиктерден канцерогенді заттар бөлініп, ол қатерлі ісікке шалдықтырады», - дейді ол.

Лазифа Қайратхан, ғылыми жетекші: - Пластикалық ыдыстарды, пластикалық пакеттерді жинау жүргізіледі. Алайда оны екінші рет өңдеуге жібереді. Екінші рет өңдеуге жібергенде оны күйдіреді, жағады. Жаққан кезде химиялық қоспалар бәрібір де бөлініп шыға береді. Сондықтан біз табиғи жолын іздеуге тырыстық. Бұл пластикалық пакетті қазіргі уақытта прототип ретінде қолданып жатырмыз. Алдағы уақытта оны дамытып, нағыз масштабты өндіріске жібереміз деп үміттенеміз.

Қазіргі қолданыстағы пластикке экологиялық таза балама іздеу – бүгіннің басты талабы. Инабат жетекшісімен болашақта жобасын терең зерттеп, ғылыми байқауларға ұсынбақ. Кейін өндіріске шығару да жоспарында бар.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин

Семейлік оқушылар моториканы дамытатын үстел ойынын жасады

Семейде 8-сынып оқушылары қолдың ұсақ моторикасын дамытуға арналған жаңа үстел ойынын ойлап тапты. Жас өнертапқыштар жобаны небәрі бір апта ішінде әзірлеген. Бұған дейін де қолда бар материалдардан түрлі құралдар құрастырып жүрген олар бұл жолы жаңа бастамаға ерекше ынтамен кірісіпті.

Оқушылардың айтуынша, үстел ойыны балалардың саусақ қимылын жетілдіріп қана қоймай, зейінін, ойлау қабілетін және шапшаңдығын арттыруға көмектеседі. Жастардың бастамасын бүгінде невропатолог дәрігерлер де қолдап отыр. 

Бұл қол моторикасын дамытуға арналған үстел ойыны. Бір қарағанда жеңіл көрінгенімен, арнайы ілгіштің көмегімен ағаш фигураларды бірінің үстіне бірін орналастыру асқан ептілікті, ұқыптылықты талап етеді. Жобаның мақсаты - осы ойын арқылы баланың икемділігін арттырып, қолдың ұсақ моторикасын және сенсорлық қабілетін дамыту. 

Нұрсұлтан Аманкелдинов, оқушы: - Бұл жоба бойынша бізге мұғалім идея берді. Біз қолға алдық. Қиындықтар туындаған жоқ, өйткені біз бірлесе жұмыс істедік. Сол бірлескен жұмыстың арқасында осындай үлкен қолөнерді шығардық.

Үстел ойынының ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар үшін пайдасы зор. Жобаны әзірлеу барысында осыған мән беріліп, басты назар сол бағытқа аударылған. Жас өнертапқыштар бұл туындыны бір апта ішінде жасап шыққан.

Назгүл Бауыржанқызы, директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары: - Сондықтан біздің мектептің пән мұғалімі ойластырған идеяны алдағы уақытта басқа да ерекше білім беруді қажет ететін орталықтарға ұсынсақ, олар да дәл осы жобаны қолға алса. Біз де мүмкіндігімізше жағдай жасауға әзірміз.

Оқушылардың игі бастамасын дәрігерлер де қолдап отыр. Ақ халаттылардың айтуынша ұсақ моториканы дамыту сөйлеу қабілетінің жетілуіне, қимыл-қозғалыс үйлесімділігімен қоса есте сақтау қабілетінің нығаюына әсер етеді. Жалпы Абай облысында тірек-қимыл аппараты бұзылған 500-ге жуық бала бар. Олардың көбі инклюзивті сыныптарда білім алса, бірқатары үйде оқиды немесе оңалту орталықтарынан ем алады.

Сымбат Әбдікәрімова, дәрігер невропатолог: - Біздің басымызда қимылға жауап беретін орталық бар. Бірақ, оның дәл қасында брокка орталығы болады. Ол неге жауап береді дейсіз ғой, сөйлеуімізге. Мен қазір белсенді сөйлеп тұрсам, сол брокко орталығым жұмыс жасап жатыр. Соның жан жағында қимыл орталығы болады. Бұл кезде тек қимыл қозғалыс емес, екіншіден, баланың сөйлеуін дамытады. Үшіншіден, баланың координациясын дамытады. Төртіншіден, баланың есте сақтау қабілетін жақсартуға арналған. Сондықтан жаңағы жасалып жатқан қолжетімді құралдар осындай орталықтарға қажет деп ойлаймын.

Осындай қарапайым әрі тиімді жобалар мектеп қабырғасында оқушылардың шығармашылығын шыңдап қана қоймай, қоғамға нақты пайдасын тигізіп отыр. Ең бастысы, бұл бастама балалардың дамуына қолдау көрсетіп, инклюзивті білім беру ісіне үлесін қосады. Жас өнертапқыштардың еңбегі алдағы уақытта кеңінен қолданыс табады деген сенім бар. Ал жастар алдағы уақытта өзге де қолөнер туындыларын жасауды жоспарлап отыр.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов

7-сынып оқушысы мектеп дәретханаларындағы қауіпсіздікке арналған ақылды жүйе ойлап тапты

Жас өнертапқыш мектеп дәретханаларына орнатуға болатын арнайы жасанды интеллектке негізделген камера жүйесін таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Астана қаласындағы №49 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы Әділхан Рүстемұлы "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында білім беру ұйымдарында оқушылар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған жаңа технологиялық жоба ойлап тапты. 

Жобаның басты мақсаты – оқушылар арасындағы төбелес, әлімжеттік сияқты жағымсыз әрекеттерді дер кезінде анықтап, мектеп әкімшілігіне жедел хабарлау.

Әділханның айтуынша, жүйе үнемі бейнежазба жасамайды. Камера тек күмәнді әрекет белгілері байқалған сәтте ғана автоматты түрде іске қосылады. Сол мезетте түсірілген ақпарат мектептің жауапты қызметкерлеріне бірден жіберіледі.

Өнертапқыштың жобасындағы ең маңызды тұстардың бірі – оқушылардың жеке өміріне қол сұқпау мәселесі.

Ұсынылған камера адамдардың бейнесін нақты күйінде емес, арнайы өңдеу арқылы бейнені жалпыланған, тануға келмейтін пішінде көрсетеді. Яғни жүйе тұлғаны анықтауға немесе адамның дене бітімін айқындауға мүмкіндік бермейді.

Сонымен қатар, құрылғы адам денесінің әдеп нормаларына қайшы келетін тұстарын түсірмейтіндей етіп бағдарламаланған. Бұл – балалардың ар-намысы мен жеке кеңістігін сақтауға бағытталған маңызды шешімдердің бірі.

Жас өнертапқыштың жобасы бүгінде талқылау кезеңінде. Болашақта бұл бастама білім беру ұйымдарында қауіпсіз әрі заманауи бақылау жүйесін қалыптастыруға үлес қосуы мүмкін.

7-сынып оқушысы мектеп дәретханаларындағы қауіпсіздікке арналған ақылды жүйе ойлап тапты

ШҚО-да оқушы бөдене өсіріп, кәсіп бастады

Шығыс Қазақстанда 10-сынып оқушысы бөдене өсіріп, шағын кәсіпкерлікті бастады. 17 жастағы Кирилл Шерудило біліммен жеке ісін қоса алып көпке үлгі болып жүр.  Биологиялық бағыттағы талай республикалық сайыста топ жарған жасөспірім былтыр облыс әкімінің сертфикатына ие болды. Жиналған қаржылай қолдауға өз қаражатын қосып инкубатор сатып алған ол, бөдене өсіруге білек сыбана кірісіпті. 

Кирилл Шерудило мектептен шыға сала кент шетіндегі шағын шаруашылығына асығады. Алыс болса да күндегі әдеті осы. Өйткені кішкене ғана тор ішінде тұрған мына бөденелерге екі уақыт жем шашып, тазалап, күтімін жасап үлгеру керек. Температураны қадағалап отыру да маңызды. Өйткені, бұл құстар суыққа төзімсіз. 

Кирилл: «Бұл жобаны бастауға құстар әлеміне деген қызығушылығым түрткі болды», - дейді. Көп ойланбастан, тұрқы кішкентай әрі күтімге жеңіл болған соң бөдене құсын өсіруді жөн көріпті. Енді осы арманын болашақта үлкен кәсіпке айналдырып, ірі ферма ашуды көздейді.

Кирилл Шерудило, мектеп оқушысы: - Мені жан-жануарлар, әсіресе құстар әлемі қатты қызықтырады.Осы бағытта бірнеше сайысқа қатысып, жеңімпаз атандым. Бөденелер туралы мәліметті жақсылап зерттеп алдым. Сондықтан қолыма тиген қаражатты босқа шашпай, іске жұмсауды жөн көрдім. Болашақта тек қана бөдене емес, тауық, қаз өсіретін үлкен ферма ашқым келеді.

Жеткіншек жұмыртқа сатудан түскен қаражатын жем мен керекті жабдықтар алуға жұмсайды.

Эльмира Ахметова, тілші: - Бұл жерде отыздан астам бөдене тұр. Егер бабы жақсы болса, жұмыртқаны да жақсы береді. Жұмыртқа демекші бұл шұбар жұмыртқаның пайдасы ғылыми түрде дәлелденіп те қойған. Асқазан, өкпе, тыныс алу жолдары ауруларына таптырмас ем. Сондықтан тапсырыс берушілер қатары да көп.

Кириллдің еңбекқорлығы мен болашаққа деген сенімі замандастарына да түрті болды. Қазір мектепте «Орнитологтар клубына» мүше болғысы келетіндер көп. Өйткені, дәл осы ұйым балалардың талпынысына қолдау көрсетіп келеді.

Ирина Байғонысова, орнитологтар клубының жетекшісі: - Қазақстандағы жануарлар әлемінің әр түрлілігін сақтаумен айналысатын ұйымдармен бірлесе жұмыс істесек жақсы болар еді. Клубқа мүше болып жатқан оқушылар көп. Келешекте жергілікті және шет елдік танымал орнитологтармен тәжірибе алмасып көрсек деп армандаймыз.

Кирилл Шерудило болса, болашақта медициналық салада жоғары білім алғысы келеді. Алайда, «Құс өсіру туралы арманыма адалмын, орта жолда тастамаймын», -дейді ол.

Авторлары: Эльмира Ахметова.Дмитрий Пыхтин

 

0 пікір
Мұрағат