Алматылық суретші ерекше киініп, самокат тебеді (фото)
|
Алматылық Александр Раис киіміне өзгелердің таң қала қарайтынын түсінбейді. Алматы облысына қарасты Талдықорған жерінің тумасы құда-жекжаттарының арасында таза қазақтар көп екенін айтады.
Сондықтан болар неміс ұлтының ұлы болғанымен, өзін қазақпын деп санайды екен. Оның ерекшелігі - киімінде. Әрдайым өзі қолымен тіккен мынадай ерекше киімдерді киеді. Бұл жайында nur.kz ақпарат көзі хабар таратты.
Айтуынша, өзі кезінде тігінші болып жұмыс істепті. Содан қалған әдеті өзіне ұнаған матаны сатып алып, ыңғайлы киімді тігіп алады.
"Сырт көз, әрине, маған бір есі ауысқан адам сияқты қарайды. Киімімнің ерекше түгі де жоқ. Тек өзіме ыңғайлы. Шалдарға самокат тебуге болмайды деп кім айтты? Қаланың ішіндегі кептелісте автобуста отырғанша жартылай жаяу, денсаулыққа пайдалы осы көлігім ыңғайлы", - дейді Александр ақсақал.
Өзі қазір зейнетте. Қала қонақтарын, қалалықтарды суретке түсіріп ақша табады. Сондықтан уақытының көбісін демалыс орындары мен саябақтарда өткізеді екен.
Александр ақсақал өзінен орыс тілінде неге бұлай киінесіз деп сұрағандарға қазақ тілінде жауап беріп, біраз адамды ұялтып тастағанын айтады.
Ол адамдардың киіміне қарап сыйлап, сөйлейтініне таң қалады. Тіпті қаладағы алып дүкендегі сатушылардың өзі бетіне қарап таң қала күлетінін жасырмайды.
Александр Раис жас кезінде құрылыста, тігін фабрикасында еңбек еткен. Екі әйелден екі баласы ер жетіп, бүгінде өз шаңырақтарын көтерген. Қазір жалғыз өзі Алматы облысындағы саяжайда тұрады. Арманы - әншілерден құралған топ құру.
Туған туыстары да оған: "Ақ сақалды ата болған кезінде салиқалы киін" деп кеңес береді екен.
"Жастайымнан анам өзгелерден ерекше киіндіріп қоятын. Сол кезде жұрттың назарына, сынына түсіп үйренген шығармын. Бірақ өз киімдерімді өзгеше деп айта алмаймын. Басқалардың сөзіне бола қалауымды өзгерткім келмейді. Маған осылай ұнайды", - деп түйіндейді ақсақал.