Алматылық студент қазақ тіліндегі қате жарнамаларды тегін түзетуде
Алматылық студент қазақ тіліндегі қате жарнамаларды тегін түзетуде
10 жыл бұрын 3731

Алматылық студент Думан Низамбек қазақ тіліне қате аударылған жарнамаларды тегін түзетумен айналысып жүр. Бұл жайында nur.kz сайты Замана басылымына сілтеме жасай отырып, хабар таратты.

Думанды қазақ тілінің тағдыры қатты алаңдатады. Сондықтан ол Алматының орталық көше­ле­ріндегі аялдамаларға жарнамалар жапсырыпты.

Мәтіні мынадай: "Перевожу рекламные текс­ты на казахский язык. Бесплатно. Качественно. Просто надоели кривые и издевательские переводы на государственный язык".

"Шынын айту керек, дағдарыс кезеңінде, қымбатшылық қыспаққа алған заманда біреуге ақысыз қызмет көрсететін адамды кездестіру оңай емес. Сондықтан біз Думанның өзімен хабарласып, мұндай қадам­ға баруына ненің түрткі болғанын сұрадық", - дейді басылым.

"Мені тілімнің келешегі, қатар-құрбыларымның өзге тілде шүлдірлеп жүргендігі қатты алаңдатады. Өзім әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультетінің (ағылшын тілі) 3-ші курс студен­тімін. Алматыда туылып, осы қалада білім алып жатқандықтан қаланың көркі мен тазалығы мен үшін де аса маңызды. Өкінішке қарай, қаламыздың сәнін де, мәнін де жарымжан жарнамалар бұзып тұр. Қазақ тіліне түсініксіз аударылған мәтіндерді көрген сайын оны түзету жолдарын ойлайтынмын", - дейді Думан.

Ол бірде өзіне жарымжан жарнаманы жап-жақсы жарнама арқылы дұрыстау туралы ой келгенін айтады.

"Көп ойланбастан, өзім күн сайын жүретін көшелердегі аялдамаларға тегін аударма жасайтынымды жарнамалай бастадым. Хабарласушылар өте көп. Бірі тілге деген жанашырлығым үшін алғысын білдірсе, енді бірі көмек сұрауда. Ең бастысы, менің жарнамам жұртқа қоз­ғау болды, ендігі жерде шұрайлы тілімізге мұрын шүйіре қарайтындар ойланар деген үміттемін", - дейді студент.

1 пікір
Мұрағат