Алматыда қарды ерітетін технология іске қосылды
|
Алматыда еліміз бойынша алғашқы экологиялық қар еріту пункті іске қосылды, деп хабарлайды 24kz.
Экологиялық дейтін себебіміз – оған ешқандай отын пайдалынылмайды. Жаңа нысан тәулігіне 1200 текше метр ақ ұлпаны еріте алады. Енді қаладан жиналған қар осы жерде суға айналып, кәріз жүйесіне жіберіледі.
Қыс мезгілі Алматының коммуналдық қызметі үшін әжептеуір салмақ. Себебі, таудың етегінде орналасқан мегаполисте қар да қалың түседі. Оны тазалау, сыртқа шығару бірнеше күндік жұмыс.
«Жаңадан іске қосылған нысан уақыт пен шығынды азайтады», - дейді әкімдік өкілдері.
Бостандық, Әуезов, Алмалы аудандарынан жиналған қар осы жерге төгіліп, кәріз желісі арқылы келетін ағынды сулардың жылуымен ерітіледі.
Айдар Нұрғожаев, Алматы қ. Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары: - Қар еріп, ары қарай фильтрларға өтіп, құм мен басқа мусорлардан тазартылып, қайтадан кәріз тораптарына барады. Бұл жерде ешқандай энергиялық шығын, электр, газ ештеңе энергия күштер жұмсалмайды.
Екі күн бұрын қалаға қалың қар түсті. Арнайы техника және жұмысшылардың күшімен мегаполис әлі де қардан тазартылуда. Қарды ерітіп, кәдеге жарату жобасы қала орталығын тез арада ретке келтіріп, экологияға теріс әсерді азайтуға мүмкіндік бермек.
Жанат Жақыпбек, Алматы қ. Инфрақұрылымдық дамыту басқармасы басшысының орынбасары: - Екі күн барысында 15 мың 160 куб метр қар шығарылды. Арнайы 600-ден астам техника жұмыс істеп жатыр. 1600-1800 қолмен жұмыс істейтін жұмысшыларымыз бар. Қазіргі таңда біздің ең басты көшелерімізде магистральді көшелерде үш күн арасында осы қарды шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жаңа нысан күніне 1200 текше метр қарды өңдеуге қауқарлы. Бұл шамамен 100 жүк көлігі.
«Соңғы жылдары қардың қалың түсуіне байланысты оны тиімді утилизациялау үшін жаңа әдісті қолдануға тура келді», - дейді әкімдік өкілдері.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев