Алматы облысында ауыл тұрғындары өз бетінше мектеп салып алды
Алматы облысында ауыл тұрғындары өз бетінше мектеп салып алды
4 жыл бұрын 3159 Сымбат Сатыбалдина

Алматы облысы Бақалы ауылдық округіне қарасты Қазыбаев ауылында бүгінде 48 үйде 221 тұрғын қоныстанған. Таяуда оқушылар жаңа мектепке көшті. Себебі бұрынғы мектеп ескіріп, жөндеу жұмыстарын жүргізуге де келмеген. Бір қызығы жаңадан мектеп салуға ауыл тұрғындарының өзі ақша жинаған. Ауыл тұрғындары Tengrinews.kz тілшісіне қаржы қалай жиналғанын және мектеп кімнің бастамасымен салынғанын айтып берді. 

Бақалы ауылдық округінің әкімі Арын Күрішбаевтың сөзінше, мектеп құрылысы ауыл азаматтарының бастамасымен жүргізілген.  

"Бұрын екі мектеп болған. Олардың құрылысы ескі. Біздің болашағымыз - балалар үшін салып берейік деген оймен жасалды. Бүгінде мектеп құрылысы бітіп, қолданысқа берілді. Құрылыс жұмыстары ақсақал бастаған топ, комиссияның бақылауында болды. "Көп түкірсе көл" деген рас екен. Құрылысты да ауыл азаматтары жасады. Қаржыны көбіне ауыл азаматтары жинады, одан бөлек, көрші ауылдағы адамдар да жинады", - дейді Арын Күрішбаев.  

Мектеп салу жұмыстарын және қаржы жинауға байланысты бес адамнан комиссия құрылған. Оның басшысы ретінде Талғат Байкуришов тағайындалған. Оның айтуынша, комиссияда арнайы есепші болған. Халыққа тұрақты түрде есеп беріліп отырған.  

"Мектеп құрылысы 2019 жылдың 1 сәуірінде басталды. Ескі, суық болатын. Әкім жиналысы болған кезде жаңа мектеп салып беруін сұрағанбыз. Сол кезде көрші ауылдарға тасып оқытамыз деді. Бірақ 0-сынып оқушыларын тасып оқыту қиынырақ болды. Таңертең тұрғызып, одан кейін алып кету оңай емес", - дейді Талғат Байкуришов. 

Оның айтуынша, бастапқыда ескі мектепті жөндеуден өткізу туралы ой болған.

"Бірақ ол мектепті көрсеңіздер, оған жөндеу жұмыстарын жүргізуге келмейді. Сөйтіп, бірігіп, мектеп салу туралы келістік. Солай мектеп құрылысын бастап кеттік. Құрылыс 1,5 жылда бітті", - дейді ол.  

Құрылыс кезінде ауыр жұмыстарды ауыл тұрғындары жасаған. Ал ұсақ-түйек жұмыстарға құрылысшылар жалдаған. 

"Бұл 0-4 сынып аралығындағы бастауыш сынып оқушыларына арналған мектеп. Қазір 50-ге жуық оқушы бар. Бүгінде 21 бала білім алып жатыр. 4-сыныптан жоғары оқушылар көрші ауылдарға барып оқиды. Оларды арнайы автобус алып барады. Оған да демеушілер қолдау көрсетті. Бұрын барлық сынып суық болатын. Қазір әр сыныпта жылу жүйесі бар", - дейді Талғат Байкуришов.

Комиссия басшысы қанша қаражат жиналғанын және құрылыс жұмыстарына қанша жұмсалғанын айтты. 

"Құрылыс жұмыстарына шамамен 11 миллиондай кетті. Қаржы біртіндеп жиналып отырды. Бірі шатыр жабуға бір миллион теңге берсе, бірі терезесін салып берді, бірі пешін жасап, жарықтарды орнатып берді. Зейнеткерлер зейнетақысынан ақша бөліп, жағдайы жеткендер 100 мың теңгеден берді. Енді бірі мал берді", - дейді Талғат Байкуришов. 

Айта кетейік, ауыл азаматтарының арқасында заман талабына сай бастауыш мектеп 16 желтоқсан Тәуелсіздік мерекесі аясында қолданысқа берілді. Білім ордасында 4 мұғалім және 7 қызметкер еңбек етеді.

0 пікір
Мұрағат