Ағза доноры болғың келмесе, тірі күніңде өтініш жаса! – министрлік
Ағза доноры болғың келмесе, тірі күніңде өтініш жаса! – министрлік
5 жыл бұрын 2579 azattyq-ruhy.kz Абай Сейфулла

Денсаулық сақтау министрлік өкілдері қайтыс болған қазақстандықтардың ағзаларын шетелдіктерге сату, дүниеден өткен адамның ағзасын пайдалануға туыстары қарсылық таныта алмайтыны жайлы ақпаратқа түсініктеме берді

Бүгін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов және министрлік өкілдері ағза трасплантациясы туралы әлеуметтік желіде тарап жатқан түрлі ақпараттарға қатысты шұғыл қоғамдық тыңдау өткізді. Жиында министрлік өкілдері қайтыс болған адамның ағзаcын басқа адамға туысының рұқсатынсыз ауыстырып салу, шетелдіктерге беру туралы заң нормаларын түсіндіріп берді.

Әлеуметтік желіде тараған ақпараттардың бірінде «қайтыс болған қазақстандықтардың ағзаларын трансплантация кезегінде тұрған шетелдіктерге ауыстырып салуға болады» делінген.

«Донорлық Қазақстанның өз азаматтары арасында жүреді. Қазақстан азаматының органын тек қазақстандыққа салуға болады», - дейді министрлік өкілдері.

Бұл шетелде тұратын қазақстандықтарға да қатысты. Жаңа денсаулық сақтау кодексінің 222 бабына сәйкес, егер басқа мемлекетте тұратын Қазақстан азаматына донор қажет болса, оған басқа қазақстандықтардың ағзасын трансплантациялауға болады. Аталған санатқа шетелде оқитын Қазақстан студенттері, тұрақты тұрғылықты орын алу құқығына ие болғандар (ПМЖ), халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін қазақстандықтар, дипломаттар мен теңізшілер жатқызылады.

Интернет желілерінде кеңінен тараған тағы бір ақпаратта қайтыс болған адамның туысқаны оның ағзасын пайдалануға қарсылық таныта алмайтыны туралы да айтылған. Министрлік мұны да жоққа шығарды. Себебі, денсаулық туралы жаңа кодекс жобасының (Халық денсаулығы туралы – авт.) 215 бабына сәйкес, өлген адамның туыстары оның ағзасын трасплантациялауға қарсылық білдіре алатыны жазылған.

Бірақ, ескеретін бір дүние, Қазақстанда келісім презумпциясы қағидасы жұмыс істейді. Егер сіз өлгеннен кейін ағзаңызды пайдалануға қарсы болсаңыз, ол бойынша тірі күніңізде емханаға барып, өтініш қалдыруыңыз керек. Ал егер өтініш жасамасаңыз, сіз автоматты түрде ағзаңыздың трасплантациясына келісім берген болып есептелесіз.

Министрлік желіде тараған «Егер сіз ауруханада ес-түссіз жатсаңыз, сіздің жақсы донор екеніңізді байқаған кей дәрігерлер туыстарыңыздың келісімінсіз сізді аппараттан ажыратып тастайды. Сөйтіп ағзаңызды алады» деген ақпарат жалған дейді.

Шын мәнінде адамды құрылғыдан оның жүрегі, тынысы тоқтағанда, жүйке жүйесі жұмысын тежегенде, ми «өлгенде» ғана дәрігерлердің консилиум жиналысын өткізу арқылы ажыратады. Егер ес-түссіз жатқан адамда осы төрт белгінің жоқ дегенде біреуі болмаса, дәрігерлерде оның өмірін қолдан қиюға құқы жоқ.

0 пікір
Мұрағат