Адам тірі кезінде донорлыққа келіспесе, ағзаларды алуға тыйым салынады
Адам тірі кезінде донорлыққа келіспесе, ағзаларды алуға тыйым салынады
5 жыл бұрын 2367

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында екінші оқылымда мақұлданған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің жобасында трансплантология мәселелерін реттейтін нормалар пысықталды. Бұл жайында aikyn.kz ақпарат көзі хабарлады. 

Атап айтқанда, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құжат бойынша қорытындысына сәйкес, Мәжіліс нақты шектеу мақсатында «тірі донор», «қайтыс болған донор», «ықтимал реципиент» ұғымдары енгізілді.

«Қайтыс болған донордан ағзалар мен тіндерді алу тәртібін реттейтін түзетулер енгізілді. Мәселен, донор болуға өзінің келіспейтіндігі туралы тірі кезінде ерік білдіруі болған кезде, ағзаларды алу мүмкін емес екендігі көзделді. Егер мұндай өтініш қайтыс болғаннан кейін болмаса, онда оның ағзаларын алу тек жұбайының (зайыбының) жазбаша келісімімен, ал ол болмаған кезде жақын туыстарының келісімімен ғана жүзеге асырылуы мүмкін», – делінген қорытындыда.

Сондай-ақ, мұндай келісімнің қажеттілігін патологиялық анатомиялық операцияға қатысты да белгілеу ұсынылды. Бұл ретте патологиялық анатомиялық операция міндетті болып табылатын жағдайлардың тізбесі үшке дейін қысқартылды: өлі туу, ана мен бала өлімі.

«Шетелдік азаматтардың мұқтаждықтары үшін Қазақстаннан ағзалар мен тіндерді әкету мүмкіндігі алып тасталды. Депутаттар ағзаларды шетелдерде медициналық көмек алатын Қазақстан Республикасының азаматтары үшін ғана әкетуді ұсынды», – деп аталып өткен таратылған мәліметте.

Бұдан бөлек, анатомиялық сый мәселелерін реттейтін бап айтарлықтай пысықталды. Депутаттар анатомиялық сый ретінде жеке басы анықталған, медициналық ұйымда қайтыс болғандар және жерлеу үшін 10 күннің орнына 20 күн ішінде сұрауы болмағандар ғана танылуы мүмкін деп белгілеуді ұсынды. Бұл ретте танылмаған мәйіттер анатомиялық сый ретінде берілмейді.

0 пікір
Мұрағат