|
94 жастағы қарт майдангер салауатты өмір салтын ұстанады (видео)
|
Елімізде ең ұзақ қашықтыққа қажымай, талмай жүзетін бірден-бір қарт майдангер Қарағанды облысында тұрады. Отан үшін от кешіп, омырауын оққа тосқан 94 жастағы Бүркіт Есжанов әліге дейін спортты жанына серік етіп, салауатты өмір салтын ұстанады. Ақсақал сұрапыл соғыс жылдары көзсіз ерлік көрсетіп, елге бірнеше орден, медальмен оралыпты. Бүркіт ақсақал күнделікті аулаға шығып, 2 сағат серуендеуді әдетке айналдырған. Оған қоса, аптасына 2 мәрте бассейнге барады. Ақсақал балықша жүзгенде алдына жан салмайды. Қария демін алмастан, 600 метрге дейін үздіксіз малти алады. Жаттығудан бір мәрте қалған емес. Александр Кокарев, жаттықтырушы: -Бүркіт Есжановпен танысқаныма 10 жылдан асты. Бастапқыда жұқа, аурушаң, денесінің бұлшық еттері қашқан әлсіз еді. Алайда, қария қайсарлық танытып, жүзумен үзбей айналысудың арқасында денсаулығын әлдеқайда түзеп алды. Тіпті жігіттерше шапшаң жүзетін болды. Біз ардагерді үнемі жастарға үлгі етіп отырамыз. Ақсақалдың майдандағы ерлігі – ұрпаққа өнеге. Бүркіт Есжанов небәрі 19 жасында соғысқа аттанған. 1942 жылды Ленинград қаласындағы әскери-авиациялық училищеде оқып жүрген жерінен бір топ курсантты соғысқа әкетеді. Мәскеу түбінде 5-атқыштар дивизиясының құрамында жауға қарсы соғысады. 1943 жылы ол Курск шайқасына қатысады. Бүркіт Есжанов, соғыс ардагері: - Міне сол Курск шайқасынан соң немістер біттей бас көтере алмай, алға қарай 30 шақырым ұмтыла алды. Одан ары баруға олардың шамасы жетпеді. Осы ұрыста ауыр жараланған Бүркіт Есжанов госпитальде емделіп шығып, майдан даласына қайтып оралады. Мәскеуді, Сталинградты, Латвияны, Литваны, Эстонияны жаудан азат етті. Жеңіс күнінен кейін солтүстік-шығыс Қытайды және Моңғолияны жапон әскерінен азат етуге қатысып, тек 1948 жылы ғана елге оралды.
Қарт майдангер сұрапыл соғыс жылдары туралы естеліктерімен бөлісті (видео)
Сұрапыл соғыста елін, жерін жаудан қорғаған ержүрек батырлардың бірі – Ахат Бекмәдіяұлы. Қарт майдангер жаяу әскер полкінің құрамында Мәскеуді қорғап, Курс доғасы мен Сталинград майданына қатысты. Екі мәрте жарақат алса да, қасық қаны қалғанша жаумен айқасты. Ал соғыстан оралған соң, 40 жылдан астам мұғалім болып, жас ұрпаққа тәрбие берді. Ахат Бекмәдіяұлы 19 жасында майданға аттанды. Бір ай бойы тыңғылықты дайындалып, жаяу әскер сапында Сталинградты қорғады. Тойтарыс беріп, жаудың бетін қайтарды. Бірақ сол шайқаста арқасына оқ тиіп, жараланды. Дегенмен, сағы сынбады. Бойындағы ерік-жігерінің арқасында отанын қорғау үшін қан майданға қайта аттанды. Курск түбіндегі ұрыстарға қатысып, 1943 жылдың жазында Мәскеуді азат етуге атсалысты. Ахат Бекмәдіяұлы, Ұлы Отан соғысының ардагері: - Бізге жас, албырт екенімізді айтып, ерік-жігерімізді жаныды. Сондықтан біз жауға бастап, алдыңғы шепте жүрдік. Бұл сұрапыл шайқаста жас жауынгердің аяғына оқ тиіп, 2-мәрте қатты жараланды. Аяғы сыздап, жүре алмаған соң, 1944 жылы елге оралды. Ахат Бекмәдіяұлы, Ұлы Отан соғысының ардагері: - Мен Беларусь жеріне жетпей жараландым. Жарақатым ауыр болды, сондықтан елге оралуға мәжбүр болдым. Отан үшін от кешкен Ахат Бекмәдіяұлы ерен еңбегі үшін Кеңес одағының батыры атанды. Бірақ, түрлі марапаттардың ішінде ардагер «Мәскеу және Курск түбіндегі шайқасқа 70 жыл» төсбелгісін ерекше қадірлейді.