|
2026 жылдан бастап үйді табиғи апаттан сақтандыру міндетті болады
|
Тұрғын үйді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру 2026 жылы енгізіледі деп жоспарланып отыр. Бұл туралы XIII Қазақстан қаржыгерлері конгресі барысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова мәлімдеді.
«Сақтандыру нарығының даму әлеуеті өте зор екенін әрдайым айтып жүрмін. Ол тұрақты өсім көрсетіп келеді. Нарықты әрі қарай дамыту үшін, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтары мен қорғау деңгейін арттыру мақсатында агенттік міндетті сақтандырудың жаңа түрін енгізді. Біз жыл сайын міндетті сақтандыру түрлерін кеңейтіп келеміз», – деп түсіндірді ол.
Әбілқасымованың айтуынша, сақтандыру ұйымдары мен банктерге IT-компанияларға инвестиция салу құқығы берілді.
«Азаматтардың мүлкін табиғи тәуекелдерден қорғау үшін «Апатты тәуекелдерден тұрғын үйді міндетті сақтандыру туралы» заң жобасы әзірленді. Оның жүзеге асырылуы 2026 жылға жоспарланған», – деп атап өтті агенттік басшысы.
Капитал нарығы да қаржы реттеушісінің негізгі назарындағы бағыттардың біріне айналып отыр. Агенттік қор нарығы инфрақұрылымының цифрлық трансформациясын аяқтады. Кейінгі төрт жылда сауда-есеп айырысу клиринг жүйесі жаңғыртылды.
«Барлық сегментте орталық контрагент енгізілді. Орталық депозитарий бағалы қағаздар мен оларды ұстаушылар тізілімін жүргізуді автоматтандырды. Эмитенттердің корпоративтік әрекеттер порталы іске қосылды, сондай-ақ шетелдік инвесторлардың тікелей қол жеткізуіне жағдай жасалды. Біз Euroclear, Clearstream және BNY Mellon ұйымдарымен аралық депозитарлық байланыстарды кеңейттік. Банктерге орталық депозитарий жүйесінде резидент емес тұлғалардың шоттарын басқаруға құқық берілді», – деп нақтылады Әбілқасымова.
Қор нарығын одан әрі дамытуға арналған негізгі қадамдардың ішінде агенттік басшысы ұлттық рейтингтік агенттікті құруды атады.
«Тиісті заң жобасы әзірленді, жыл соңына дейін агенттік оны парламентке енгізеді. Бұдан бөлек, инвестициялық қорлар туралы жаңа заң жобасы әзірленді. Ол инвестициялық қорлардың түрлерін айтарлықтай кеңейтіп, осы қызмет түріне құқықтық негіз қалыптастырады», – деді ол.